Жаңалықтар

Тәжікстанның бас консулы студенттермен кездесті

22.09.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тәжікстанның Алматыдағы бас консулы Равшан Бобохонзода мен ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиеваның қатысуымен Тәжікстаннан келген студент жастармен кездесу өтті.

Жүздесуді ашқан проректор Әсел Уәлиева Қазақстан мен Тәжікстанның дипломатиялық қатынастары тарихына тоқталып, достық қарым-қатынастар арқасында екі елдің мәдениет, білім, ғылым және экономика салаларының ынтымақтастығы нығайып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар студенттерге университет жетістігі жайлы мәлімет берді. QS жаһандық рейтингінде 150-орынға көтерілген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жуырда зерттеу университеті мәртебесі берілгенін атап өтіп, студенттерге ғылыми жұмыстарға атсалысуға, жаңа технологияларды меңгеруге кеңес берді.

Білім ордасы бүгінде Тәжікстанның тау-кен металлургия институты және Осими атындағы Тәжік техникалық университеті сынды жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап университетте Алматы қаласында Тәжікстан Республикасының Бас консулдығы бастамасымен ашылған «Тәжік тілі және мәдениеті» орталығы табысты жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Тәжікстаннан келген 40-қа жуық студент білім алуда.

Бас консул өз кезегінде Тәжікстаннан келген студенттерді қабылдап, жан-жақты қолдау көрсеткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына алғыс білдірді. Студенттерге арнаған сөзінде Қазақстанның үздік университетінің жетістіктерін алға тарта отырып, ынтымақтастық аясында, атап айтқанда, Орталық Азия елдері ректорларының алғашқы халықаралық форумы барысында ҚазҰУ мен Тәжік ұлттық университеті меморандумға қол қойғанын атап өтті.

Әлемдік қоғамдастықтағы жағдайларға байланысты ол студенттерді қылмыстық топтар мен қарулы қақтығыстарға қатысудан сақ болуға шақырды. Студенттерді озық тәжірибені оқып-үйренуге және қазіргі заманғы кәсіптерді игеруге күш салуға үндеді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген соң, сіздер халқымыздың және мемлекет игілігі үшін еңбек ете аласыздар. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосатындарыңызға сенемін», – деді ол.

Кездесу аясында шетелдік студенттер оқу барысы жайлы пікір алмасып, толғандырған сұрақтарына жауап алды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі