Жаңалықтар

Наталья ЕМ: Кәсіби дамуыма жол ашқан білім ордасы

14.09.2022

Наталья Ем – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты, тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы, шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан корейлері қауымдастығы президиумының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қалалық ғылыми-сараптама тобының мүшесі.

Ол 1973 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша тамамдады. Содан кейін 1999 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ғылым министрлігі Шығыстану институтының күндізгі аспирантурасын аяқтағаннан кейін «Қазақстан корейлерінің ұлтаралық некелері (тарихи-демографиялық аспект)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады және 2005 жылы «Отандық тарих» мамандығы бойынша тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 2017 жылы оған «Тарих» мамандығы бойынша ҚР БҒМ қауымдастырылған профессоры ғылыми атағы берілді.

– Мен күн сайын таңертең ойға алған жоспарымды орындау үшін ҚазҰУ-дағы жұмысыма асығамын. Осы бір ынта-ықылас маған ерекше шаттық сыйлайды. Неге десеңіз, мен өз жұмысымды жақсы көремін әрі факультетімді мақтан тұтамын. Ұстаздарымды, әріптестерімді құрметтеймін және бағалаймын, ал студенттерсіз бір күнімді де ​​елестете алмаймын. Кейде аудиторияда бірнеше сағат бойы студенттермен белгілі бір тақырыпты талқылап, тереңдей түсеміз. Сонда олардың жан-жақтылығына тәнті боламын. Студенттер соны зерттеулер мен тың нәтижелерге қол жеткізген кезде еңбегіміздің еш кетпей, еленгеніне қуанамыз, – дейді кафедра меңгерушісі.

Ол бала кезінен филология факультетіне түсуді жоспарлаған. Дегенмен әкесі қызының қабілеті мен қызығушылығын жақсы білетіндіктен, оған тарих факультетіне түсуге кеңес берген. Сол кезеңде Кеңес Одағы ыдырап, бүкіл тарих қайта қаралған кез болатын. Кейіпкеріміз тарих факультетіне оқуға түсіп, таңдауынан жаңылмағанын тілге тиек етті.

Кейін альма матерге оралған кейіпкеріміз корейтану саласындағы ғылыми ізденістерін жалғастырды, мұнда ғалым және ұстаз ретінде қарқынды түрде мансап жолында еңбектенді. Шығармашылығында өзін не қызықтырады деген сұраққа жауап берген Наталья Ем өз халқының тарихын 1990 жылдардан бастап зерттей бастағанын айтады. Бұл көптеген ұлт өкілдерінің өз тегіне, мәдениетіне, тіліне белсенді түрде орала бастаған этникалық жаңғыру кезеңі болатын.

– Қазақстанның көпэтностық, көпмәдениеттілік және көпконфессиялық бірегей ерекшелігі бар. Жүзден ас­там этнос қазіргі қазақ қоғамының, Қазақстанның келбетін сипаттай­ды. Этностардың тарихи тағдыры әрқи­лы қалыптасқанымен, олардың барлы­ғын Ұлы даланың байырғы тұрғын­дары жылы шыраймен қабылдап, қамқорлық көрсетті. Оларды қазақ жері біріктірді. Осындай этностардың бірі – Қазақ­стан­дағы корейлер. Олардың жалпы саны елімізде жүз мыңнан сәл асқанымен, корейлерді қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласында кездестіруге болады. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге этнос өкілдері секілді корейлер де әрбір отбасылық ортада, әрбір еңбек ұжымында бар. Қонақжай елдің этностары саяси тұрақты, экономикасы ауқатты, ең бастысы – эмоционалды заңдылық деңгейі жоғары қоғамда біртұтас отбасы ретінде өмір сүріп келеді, – дейді Наталья Ем.

Қазақстандағы корей диаспорасының тарихын сақтап қалу, басқа елдердегі кәрістердің тарихын зерттеу мақсатында кейіпкеріміз зерттеу жұмысын жалғастырды. Ол шетелдегі корейлер тақырыбына қызығушылық танытты және көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп, зерттеумен айналысты. Оның диссертация тақырыбы «Қазақстандағы корейлердің ұлтаралық некелері» (2012) болды. Наталья Борисовна бұл саланы әлі күнге дейін жете зерттеп келеді. Алпыстан астам ғылыми мақаласы мен тағы екі – «Шетелдегі корейлердің этносаралық қатынастары» (2014 ж.), «Оңтүстік Кореядағы халықаралық некелер: мультикультурализмнің мәселелері мен перспективалары» (2020) атты монографиялары жарық көрді.

– Корейлер еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына нақты үлес қосып келеді. Қазақстандық қоғам әлеумет­тік-экономикалық дамудың, саяси тұ­рақ­тылықтың жоғары деңгейін сақтай отырып, этностық, діни, тілдік ерекшелік­теріне қарамастан, қоғамның әрбір мүшесінің бірегейлігін тануды сақтайды. Қазақ­стандағы корейлердің жас буыны өздері­нің, ата-бабаларының Отаны, соны­мен қатар олардың ұрпақтары мекен ететін жер – Қазақ елі екенін мойын­дап отыр. Олар жеке тұлға ретінде өзін-өзі қам­тамасыз етуге, сапалы білім алуға, қазіргі еңбек нарығындағы қатал бәсекеге төтеп беруге, өз ісінің нағыз маманы болуға талпынады. Сонымен қатар қазақстандық қоғамға, мемлекетке пайдалы болудың маңыздылығын түсінеді, – деді Наталья Ем.

Ол өз кафедрасын университеттегі жетекші кафедралардың біріне айналдырды. 2014 жылдан бастап Корейтану кафедрасы мен Жапонтану кафедрасы Қиыр Шығыс кафедрасына біріктірілді. Содан бері кейіпкерімізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл міндет оған жоғары мотивация берді. Оның жетекшілігімен Корея мен Жапонияның жетекші университеттерімен бірқатар келісімшарттар жасалды. Мәселен, студенттер мен магистранттардың академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында байланыс орнатылып, магистратура және бакалавриат бағдарламалары бойынша қосдипломдық бағдарламалар ашылған және оқытушылар кәсіби өсу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Наталья Ем кәсіби даму жолында зор мүмкіндік сыйлаған білім ордасына қашанда қарыздар екенін айтты.

– Еңбегімнің зая кетпегенін алғаш рет 2010 жылы Білім және ғылым министрлігінен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын алған кезде анық түсіндім. Кейінірек, әрине, басқа да медальдар, сертификаттар алдым, бірақ аталмыш марапат еңбек жолымның бастауында ең жарқын әсер қалдырды. Тағы бір үлкен қуаныш – Кореяның жетекші университеттерінде және 2018 жылы Токио университетінде екі ұзақ мерзімді тағылымдамадан өту бақыты бұйырды. Жақында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Queen's College жанындағы Корей қауымдастығын зерттеу орталығы ұйымдастырған «Америкалық корейлердің тарихи Отанымен байланыстар» тақырыбында өткен конференцияны үлкен қуанышпен еске аламын. Диалог алаңында алғаш рет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Этникалық Отанмен байланыстар: неке көші-қонындағы ТМД елдерінің корей әйелдерінің жағдайы» тақырыбындағы зерттеу жобамыз ұсынылды. Мұның бәрі өте қызықты, жұмысыңды жалғастырып, жаңа көкжиектер ашуға итермелейді. Бұл жетістіктерімнің барлығы, түптеп келгенде, ҚазҰУ-да қызмет етуімнің көрсеткіші деп білемін, – деп сөзін тамамдады кафедра меңгерушісі.

 

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ