Жаңалықтар

Қолданбалы қазақ тіл білімі мамандары даярланады

15.09.2022

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданысын арттыру, даму тетіктерін жетілдіру, сол бағытта білікті мамандар даярлау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, қазақ тілінің қолданбалы аспектілерін меңгерген, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өміршеңдігін, қызметін талдап-сараптайтын, білім беру мекемелерінде және мемлекеттік тіл орталықтарында үйлестіру жұмыстарын жүргізе білетін маман даярлау мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2022/23 оқу жылында «Қолданбалы қазақ тіл білімі» мамандығы ашылды.

Жаңа мамандыққа даярлау үшін бакалавр деңгейі бойынша 12 студент қабылданды, оның 11-і – грант иегері, бір студент ақылы оқиды. Ал магистратура бойынша 10 магистрант қабылданды.

«Қолданбалы қазақ тіл білімі» білім беру бағдарламасының мақсаты: қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негіздерін меңгерген ғылыми қызметкер; қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың инновациялық әдістемесін игерген оқытушы; филологиялық қызметтің негізгі салаларындағы практикалық мәселелердің шешімін табу тәсілдері бойынша және шешендік өнерге баулу техникасы мен әдістерін меңгерген маман даярлау.

Білім беру бағдарламасы аясында қоғамдағы мемлекеттік тілдің қолданысы бойынша болатын кедергілер себептеріне социолингвистикалық сараптамалар жасау, оларды болдырмау жолдарын қарастыру, тілдің қолданбалы аспектілері, қазақ және шет (орыс, ағылшын) тілдері ерекшеліктерін тілдер типологиясы бойынша салыстырмалы аспектіде меңгеру, қазақ тілін өзге тілді аудиторияда меңгертудің тиімді стратегиялар жүйесін игеру, қарым-қатынастың кез келген түрін ұйымдастыру, копирайтинг және спичрайтингтің бағыттары мен түрлерін ажырату, көпшілік алдында сөйлеу мәтінін және жарнамалық мәтін құру, интернет-коммуникацияның түрлерін, тілдік ерекшеліктерін талдау, ұлттық корпус құру тәжірибесін, құжат тілінің мазмұндық-құрылымдық жүйесін құрайтын тілдік стандарттылық, терминдердің бірізділігі, номенклатуралық атаулардың жазылуы сияқты кешенді лингвистикалық білім беру көзделеді.

 

Нұрбек РҮСТЕМ