- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Джоанна Мадалинска-Мичалак: ҚазҰУ-ға шақырту алғаным – үлкен абырой
28.09.2022Джоанна Мадалинска-Мичалак – Варшава университеті (Польша) білім беру факультетінің оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар PhD докторы. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға арнайы шақырылған профессор. Teachers and Teaching: Theory and Practice, European Journal of Teacher Education, South African Journal of Education сияқты ғылыми журналдардың редакциялық кеңесінің және рецензенттер алқасының мүшесі. Оның ғылыми жұмысы білім берудегі көшбасшылық, ұстаздардың дамуы және зерттеу этикасына бағытталған.
Профессор Джоанна Мадалинска-Мичалак өзінің бүкіл кәсіби өмірін ұлттық, еуропалық және жаһандық деңгейде ғылым мен қоғам игілігі үшін жоғары сапалы білім беру зерттеулеріне ұмтылу жолына арнады. Ол академиялық үлгерім бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Орхус университетіне (Дания) шақырылған профессор. Джоанна Мадалинска-Мичалактың айтуынша, ол әрдайым идеяларға құштар әрі жаңа көзқарасты қабылдауға, студенттерге үлгі көрсетуге, айналасындағыларды қолдауға және ынталандыруға, ең алдымен этикалық және позитивті көзқараста болуға тырысады.
– Университетте және әртүрлі танымал ұлттық, еуропалық және жаһандық ғылыми ұйымдарда көшбасшы рөлін атқарған академияда тәжірибесі бар маман ретінде мен біздің әлемде трансформациялық көшбасшылықтың қаншалықты қажет екенін байқадым. Менің сүйікті дәйексөздерімнің бірі – Джими Хендрикстің цитатасы. Ол бір кездері: «Сүйіспеншілік күші күшке деген сүйіспеншілікті жеңсе – әлемде бейбітшілік орнайды», – деген еді. Демек, өз ісіңді сүю арқылы кез келген биік белесті бағындыра аласың. Менің зерттеуші және жоғары білім беру көшбасшысы болудағы негізгі зерттеуім социализм және орталықтандырылған жоспарлы, иерархиялық және жабық білім беру жүйесі дәуірінен демократия уақытына дейінгі аралықты, яғни жұмысты игеруге және бөлісумен сипатталатын екі тарихи дәуірді қамтиды. Мен орталықтандырылған жүйеде оқыдым, бірақ трансформация кезінде білім алғандықтан, зерттеуші ретінде таныла бастадым. Ғылыми қызығушылығым оқытушылық мамандықпен астасып жатқандай. Ұстаздардың білімі және білім берудегі көшбасшылығы мені осындай ізденіс жолына алып келді деп ойлаймын. Менің басқа елден білім алып, білгенімді үйретіп, тәжірибе алмасуға деген сүйіспеншілігім және зерттеу әлеуетін арттыруға деген ынтызарлығым ҚазҰУ-ға қарай жетеледі. Өзім ұстаз бола тұра, әрбір жаннан – тәлімгерлерден, жетекшілерден және студенттерден даналық, жаңа серпін көріп, сезу арқылы айналамды – ұстаз, өзімді – шәкірт көремін, – дейді профессор.
Ол 250-ден астам ғылыми жарияланым авторы. Оның мансап жолында жиған тәжірибесі өте мол. Мәселен, халықаралық және ұлттық ғылыми ұйымдармен жұмыс істейді. Джоанна Мадалинска-Мичалак – дүниежүзілік білім беруді зерттеу қауымдастығының (WERA) вице-президенті, Еуропадағы мұғалімдердің білім беру саясаты (TEPE) ғылыми желісінің төрағасы және Польшаның білім беру зерттеулері қауымдастығының (PERA) президенті және оқыту бойынша халықаралық білім беру (ICET) директорлар кеңесінің мүшесі, Дүниежүзілік білім беру зерттеулері қауымдастығының халықаралық зерттеу желілерінің (WERA-IRNs) төрағасы. Сонымен қатар дүниежүзілік білім беру зерттеулеріндегі Польша білім беру зерттеулері қауымдастығының өкілі ретінде қызмет етеді. Қауымдастық (WERA), Еуропалық білім беру зерттеулері қауымдастығы (EERA) кеңесінің және Польша Ғылым академиясының Ғылыми қауымдастықтар кеңесінің мүшесі.
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – жыл сайын әлемдік білім беру рейтингі көрсеткішінде беделі жоғарылап келе жатқан білім ордасы. Шетелдік ұстаздармен ынтымақтастығы нығаюда. Аталмыш оқу ордасымен ынтымақтастық байланыс орнатуға әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама білім ордалары мүдделі. Осындай оқу ордасына профессор ретінде шақырту алғаным мен үшін үлкен абырой. Себебі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім көрсеткіші, сапасы өте жоғары. Бұл білім ордасында ғылымға шын жанашыр ұстаздар мен келер ұрпаққа, елге не қажеттігін жете түсінетін басшылар қызмет атқарады. Ізденімпаз жастардың сенімін арқалаған ұстаздар қауымының еңбегі орасан зор, – дей келе, ол өзінің мансап жолында атқарған бірқатар ісімен бөлісті. Еуропадағы мұғалімдердің білім беру саясаты басқармасының төрағасы, TEPE Network Member желісінің мүшесі (2016-2020) ретінде саясатқа әсер ететін және тәжірибені жетілдіре алатын зерттеулерді әзірлеу мен көрсетуде үлкен рөл атқарған. Саясаткерлермен қарым-қатынасты нығайту арқылы саясатты құруға ықпал ету жөнінде біршама ой-тұжырымын айтты. Польша Ғылым академиясының Ғылыми қауымдастықтар кеңесінің атқарушысы (2018) ретінде білім берудегі жаңа зерттеулерін ұсынған. Сондай-ақ Польшадағы ғылым қозғалысын дамыту және көрсету стратегиясын әзірлеуге қатысқан.
– Әлем өмір сүрудің және жұмыс істеудің жаңа әдістеріне бейімделіп келеді. Білім саласындағы күрмеулі мәселелер мен терең проблемаларды COVID-19 пандемиясы әкелген залалдан кейін түбегейлі қалпына келтіру қажет. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы әріптестермен бірге жұмыс істей отырып, осы іспетті мәселелерді шешуде пікір алмасудамыз. Мен университеттің білімді жастарына тың ой мен ғылымда жаңа серпін қосқаныма өте қуаныштымын. ҚазҰУ Азия мен Еуропадағы білім беру саласында зерттеушілер арасындағы ынтымақтастықта көш бастап келеді және зерттеушілер мен қоғам арасындағы байланысты жақсартуға ықпал етеді. Студенттер әртүрлі салаларда өзекті тақырыптар төңірегінде сыни пікірталастарға қатысады. Сонымен қатар альма матер білім алушылардың жан-жақты дамуына сөзсіз үлесін тигізіп жатыр. Мұндай білім ордасымен ынтымақтастықта жұмыс істеу маған үлкен абырой мен жауапкершілік жүктейді, – деп сөзін қорытындылады Джоанна Мадалинска-Мичалак.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ