- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Мызғымас әдеби байланыстар
29.09.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да танымал орыс жазушысы, журналист, баспагер Георгий Пряхинмен шығармашылық кездесу өтті. Жүздесуге ҚазҰУ оқытушылары мен филология факультетінің студенттері қатысты.
Құрметті қонақты филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор Баян Жолдасбекова қарсы алды.
Шараға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының талдау және сыртқы әдеби байланыстар бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі Светлана Ананьева және қазақстандық ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бүркітбаева-Нүкенова қатысты.
Өз кезегінде Баян Өмірбекқызы Георгий Владимирұлын оқытушылар мен студенттерге таныстырып, жазушы өмірінің маңызды кезеңдері мен жетістіктеріне тоқталды. Журналист әрі саяси қайраткер Георгий Пряхин әр жылдары КСРО Гостелерадиосы төрағасының орынбасары, КОКП ОК бөлімінің орынбасары, КСРО президенті М.С.Горбачевтың кеңесшісі және басқа да жауапты қызметтер атқарды.
«Воскресенье» және «Художественная литература» баспаларын басқарған жазушы Г.В.Пряхиннің бірнеше роман, повесть және әңгімелер жинағы бар. Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі, Абай Құнанбаевтың мұрасын насихаттауға сіңірген еңбегі үшін Георгий Пряхин II дәрежелі «Достық» орденімен және басқа да наградалармен марапатталған.
Кездесу барысында филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова құрметті қонақты 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, университет атынан естелік сыйлық табыс етті.
Георгий Пряхин Алматыға Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған конференцияға арнайы келген. Жүздесуде жазушы қазақстандық әдебиетшілермен ұзақ жылдарғы ынтымақтастығы мен повесть, әңгімелерді аудару және Қазақстанның қазіргі заманғы жазушыларының жинақтарын құрастыру жұмыстарын бірлесе атқарғанын ерекше толғаныспен еске алып, жылы шырай танытқандығына айрықша алғыс білдірді. «Мені сіздердің елдеріңізбен бұрыннан келе жатқан кәсіби, әдеби сала байланыстырады. Бұл жерде менің журналист ретіндегі өмір жолым басталды. Үлкен өмір мектебінен өттім және сіздердің еліңізге деген құрметті мәңгі сақтаймын», – деп атап өтті жазушы.
Жазушы «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі туралы ерекше атап өтті.
Кездесуде сондай-ақ қазақстандық ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бүркітбаева-Нүкенова поэтикалық шығармалары және естеліктерімен бөлісті.
Шара соңында «Мен күнге қызғанамын», «Махаббат арабескалары», «Көшпенді махаббат», «Түнгі айналар», «Түнгі жұмбақ», «Айлақ қиялы», «Үміт жағалауы» өлеңдер жинағының авторы Раушан Бүркітбаева-Нүкеноваға Георгий Владимирұлы Ресей әдебиеті академиясының құрметті белгісі мен куәлігін табыс етті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі