- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ қабылдау кампаниясының жұмысын қорытындылады
29.09.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кезекті Ғылыми кеңес өтті. Жиында қабылдау кампаниясының қорытындылары және 2022-2023 оқу жылындағы білім беру үдерісін ұйымдастыру туралы айтылды.
Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі – ҚазҰУ проректоры Фатима Жақыпованың ақпараты бойынша, жаңа оқу жылында ЖОО-ға 5253 студент грантқа түсті, оның ішінде 3389-ы бакалавриатқа, 1530-ы магистратураға және 334 ізденуші докторантураға оқуға қабылданды. Ал 2648 адам келісімшарт негізінде білім алуда. Нәтижесінде барлығы 7901 адам ҚазҰУ студенті атанған, оның ішінде ең үлкен контингент (1662) медицина және денсаулық сақтау факультетіне қабылданды. Студент саны бойынша екінші орын география және табиғатты пайдалану факультетіне тиесілі. Олардың саны 816 студентті құрады. Ақпараттық технологиялар факультетіне 659 талапкер оқуға түсті. Сонымен қатар ағымдағы оқу жылында әр факультет ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын арттырып отыр. Бұл бағытта химия және химиялық технология факультеті, биология және биотехнология факультеті, тарих факультеті жақсы нәтиже көрсетті.
Бұдан бөлек, проректор білім беру гранты конкурсына қатысатын және ақылы негізде талапкерлерді қабылдаудың шекті балы артқанын жеткізді. Жалпы, ҚазҰУ білім беру бағдарламалары портфелінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша үлкен жұмыс атқарды. Спикер жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының өзгерістері туралы егжей-тегжейлі сипаттады.
Осы орайда, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев білім беру бағдарламалары сапасына және оқытушы-профессорлық құрам арасындағы ғылыми кадрлар санын арттыруға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ биыл талапкерлерді қабылдау науқаны кезінде электрондық кезек жүйесі жетілдіріліп, цифрландырылды. Бұл туралы география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальников егжей-тегжейлі баяндады. Шекті балды есептеу үшін жаңа бағдарлама енгізілді, бұл өз кезегінде талапкерлердің уақытын едәуір үнемдеді және қабылдау комиссиясының жұмыс сапасын арттырды. Сонымен қатар декан ҚазҰУ әлеуметтік осал топтар арасынан 21 студентті оқуға қабылдағанын мәлімдеді. Оларға «Қазақстан халқына» қорынан гранттар мен шәкіртақылар бөлінді. Биыл талапкерлер үшін ағылшын тілі және ҰБТ-ға дайындық бойынша арнайы курстар қарқынды өткізілген.
Күн тәртібі бойынша Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева баяндама жасады. Онда 2022-2023 оқу жылындағы университет қызметінің негізгі көрсеткіштері сараланды.
Магистратура мен докторантура бойынша ережелерді бекіту жайлы Ғылыми кадрларды даярлау және аттестаттау басқармасының бастығы Рената Құдайбергенова айтты.
Университет басшысы жиын соңында: «Кафедралар мен факультеттер жарнамалық компанияға белсенді қатысуы керек. Себебі ҚазҰУ зерттеу университеті болып табылады. Біз өз мәртебеміз бен имиджімізді көтеруіміз керек. Ғылым мен білім беру үрдістерін ескере отырып, барлық білім беру бағдарламаларын қайта қарау қажет», – деп тапсырды.
Ғылыми кеңес мүшелері оқу үрдісінің әдістемелік жұмысын қамтамасыз ету мен зерттеу университеті әлеуетін арттыру жайын талқылап, өз пікірлері және ұсыныстарын ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі