Жаңалықтар

Жаңа жобаларды бірлесіп іске асыруға уағдаласты

30.09.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасы Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы TENMAK протонды үдеткіштер орталығының директоры Исмаил Бозтосунмен кездесті.

Тараптар ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру, Қазақстан мен Түркия арасындағы атом және ядролық саланы дамыту перспективаларын талқылады.

Жүздесу барысында білім ордасының басшысы ҚазҰУ-дың ғылымдағы жетістері туралы баяндады.

«Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ғылымды дамыту және әлемдік деңгейде заманауи ғылыми зерттеулер жүргізу бізге әлемдік үздік университеттермен бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Еліміздегі ядролық ғылымды дамытуда біздің университет бар күш-жігерін салады. Осы орайда Түркия мен Қазақстан арасындағы атом саласындағы бірлескен жобалар жасауға біз аса қызығушылықпен қараймыз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Кездесу соңында тараптар бастамаларды бірлесіп жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі