Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Қазіргі уақытта мұқтаж студенттерді тұрғын жаймен қамтамасыз ету бойынша жан-жақты шаралар қабылданды.
Оқу жылының басталуына байланысты ел Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында көтерген студент жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібіне шықты.
Жастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚазҰУ-да өткен жылдан бері бірқатар жатақханалар мен оқу ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Студенттердің игілігі үшін жаңа заманауи кафелер, интернет-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшіру орталықтары ашылды.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында басқа аймақтардан келген студенттерді баспанамен қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Оқу жылы басталғанға дейін ЖОО мамандары Алматы қаласындағы жатақханалар, қонақүйлер, пәтерлер және хостелдер бойынша мониторинг жүргізді. Жалға берушілермен келіссөздерден кейін жалға берілетін қолжетімді тұрғын үй туралы жалпы ақпарат талданып жиналды. Бұл ақпарат студенттер мен олардың ата-аналарына таратылды. Факультет декандары мен топтардың эдвайзер-кураторлары бұл жұмысты бақылап, белсенді араласты. Нәтижесінде қолжетімді бағамен 1124 студент жалға берілетін баспанаға қоныстанды.
Бұдан бөлек, бүгінде университет жатақханалардың оқу залдарын шұғыл түрде тұрғын үй бөлмелеріне айналдырды. Бұл шара бағаның өсуіне байланысты пәтер жалдай алмайтын 1000 студентті жатын орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы уақытта университеттің 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, 14 жатақхананы қайта жөндеу және жаңадан жатақханалар салу жоспарлануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі