- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Лиссабон конвенциясының авторы ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқыды
05.10.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Еуропа Кеңесі білім департаментінің басшысы, Дублин қалалық университетінің құрметті докторы, профессор Шур Берган көшбасшылық дәріс оқыды.
Оқу орнының оқытушы-профессорлары, ғалымдары мен білім алушылары шетелдік ғалым дәрісіне үлкен қызығушылық танытты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты таныстырып, білім саласындағы басты жетістіктеріне тоқталды.
Шур Берган – Еуропа Кеңесі жанындағы білім беру саласының көрнекті сарапшысы. Ол 2000 жылдан 2022 жылдың сәуіріне дейін Болон үдерісі тобы мен басқармасында Еуропа Кеңесінің өкілі болды. Болон үдерісін енгізуге, сондай-ақ жоғары білімнің бірыңғай еуропалық кеңістігін құруға айтарлықтай үлес қосты. Әлі күнге дейін ол Жоғары білім берудің еуропалық кеңістігі жұмыс тобының іргелі құндылықтар бойынша белсенді мүшесі.
«Өздеріңіз білетіндей, ТМД елдері Болон үдерісі мүшелігіне кіргеніне көп уақыт болған жоқ. Қазақстан Ресейден кейін Болон үдерісіне қосылған алғашқы елдердің бірі. Сол кезде Шур Берган Болон үдерісі комиссиясының жұмысына көп көмектесті. Университеттерді аралап, Қазақстанды қабылдау туралы шешім қабылданғанға дейінгі құжаттарды тексерді. Бүгінде біз бұл жұмыстың жемісін көріп отырмыз. Біздің студенттер ғана емес, бүкіл республиканың жоғары оқу орындарының жастары Еуропаның кез келген университетінде білім алып, тәжірибе алмаса алады», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
«Еуропалық жоғары білім беру кеңістігіндегі құрылымдық реформалар» тақырыбындағы дәрісте спикер жоғары білім сапасының өзекті сұрақтарын, оның Болон жүйесі стандарттарына сәйкестігі мәселелерін қозғады.
Еуропалық жоғары білім беру жүйесі 1997 жылы «Тану туралы Лиссабон конвенциясы» қабылданғаннан бері қарқынды даму кезеңінен өтті. Құрылымдық реформалар аясында Болон жүйесінің жоғары стандарттары мен талаптарына сәйкес келетін жоғары оқу орындарының, білім беру бағдарламаларының сапасын бақылау туралы негізгі мәселе көтерілді.
«Сапаны бақылау – бұл Еуропадағы жоғары білім саласындағы басты сұрақ. Мәселен, Қазақстандағы жоғары білім сапасын бақылау Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің барлық талаптар мен көрсеткіштерге сай екенін көрсетті. Бұл фактіні ресми түрде растау туралы сөз еткенде біз кез келген елдің жоғары білімі еуропалық стандарттар мен талаптарға сүйенуі керек екенін меңзейміз», – деді Шур Берган.
Жиында ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев дәріс оқу үшін арнайы келген профессор Шур Берганға алғыс айтып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры атағын және «Әл-Фараби» алтын медалін табыстады. Сонымен қатар қатысушылар кездесуде өзара пікір алмасып, көкейдегі көптеген сұрақтарына жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі