Жаңалықтар

Дипломатияны дамыту мәселелері талқыланды

05.10.2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің қолдауымен «Қазіргі халықаралық қатынастардағы АӨСШК рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ұйымның қалыптасуы мен дамуына білікті қазақстандық дипломаттар елеулі үлес қосты.

Дөңгелек үстелдің ашылу шарасында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Цзян Вэй, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мохсен Фагани, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Аброр Фатхуллаев құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстандық дипломаттар мен Алматыда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ шетелдік және отандық зерттеушілер мемлекетаралық, аймақтық, халықаралық және жаһандық мәселелерді бейбіт жолмен шешу үшін мұндай диалог алаңдарының қажеттілігі мен маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі халықаралық қатынастардағы АӨСШК қызметінің өзекті мәселелері мен рөлі туралы пікір алмасты. Мамандар АӨСШК аясында қауіпсіздік тетіктерінің, сауда және санкциялық соғыстар жағдайында Азия континентіндегі сенім шаралары жүйесін дамытудың проблемалары мен перспективалары туралы талқылады.

Сонымен қатар даулы мәселелер бойынша сындарлы келіссөздерді қамтамасыз ету және олардың пайда болуының бастапқы кезеңінде қайшылықтарды шешу, терроризмге қарсы іс-қимылдың бірлескен жүйелі тәсілдерін және АӨСШК елдерінің аумағында сын-қатерлердің алдын алу тетіктерін әзірлеу қажеттілігі кеңінен сөз болды.

Іс-шара Азия елдерінің сарапшылары мен академиялық қоғамдастық өкілдерінің пікір алмасу орнына айналды. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қарар қабылданды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі