Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры «Тұран» университетін мерейтойымен құттықтады

07.10.2022

Алматыда «Тұран» университетінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жаһандық өзгерістер: ғылым және білім талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтті.

Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, көрнекті ғалымдар, белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысты.

Министр өз сөзінде «Тұран» университетінің жетістіктері мен белестерін атап, ол бүгінде ел ғылымының кадрлық құрамын қалпына келтіру үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Алда атқаратын үлкен жұмыстар күтіп тұр, ғалым мәртебесін қайтарып, еліміздің зерттеу корпусын қалпына келтіру қажет. Бұл үшін бүгінде жүйелі шаралар қабылдануда. Докторантура мен постдокторантураға гранттар саны өсті, стипендия сомасы да екі есеге артты. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша ғылыми тағылымдаманың жеке бағдарламасы іске қосылды. Жыл сайын 500 ғалымды жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына, институттарға, мамандандырылған зертханаларға жіберетін боламыз. Бұл мүмкіндіктерді пайдалану, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру қажет. Келесі жылдан бастап біздің ғалымдардың гранттық қаржыландыруы екі есеге ұлғаяды. Сондықтан біз қазір ЖОО-лар ғылымды кадрлармен қамтамасыз ету және қолданбалы зерттеулердің қайнар көзіне айналуы үшін көп жұмыс атқаруымыз қажет», - деді министр. 

Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев жиында сөз алып, Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік оқу орнын 30 жылдық белесімен құттықтады.

«Білім ордасы осы уақыт ішінде өзін бәсекеге қабілетті білім мекемесі ретінде танытып, экономикалық, гуманитарлық, құқықтық сала мамандарын тәрбиелеп шығарды. Рахман Алшанұлы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде академик Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтің қасында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып,  орасан зор еңбек сіңірді. Оқу орнының "Тұран" атауы кездейсоқ таңдалған жоқ, оның символдық мәні бар. Өткен жылы Түркі елдері Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа атауымен бірігіп, интеграцияның жаңа кезеңін белгіледі», – деді Жансейіт Түймебаев.

Форумға қатысушылар білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер және жоғары оқу орнының бүгінгі жетістіктері жайлы сөз қозғап, университет ұжымына жемісті жұмыс тіледі.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі