Жаңалықтар

Бақытжан Жұмағұлов: «Қара шаңырақ бізге өмір жолын ашты»

7-қаз-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Бақытжан Жұмағұлов оқытушы-профессорлар, докторанттар және магистранттармен кездесті.

Кездесуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, академиктің ғылымдағы қайраткерлік жолына тоқталды. 

Бақытжан Жұмағұлов – ҚазҰУ-дың механика және қолданбалы математика факультетінің түлегі. Еңбек жолын ғылыми және ұстаздық қызметтен бастап, қара шаңырақта ассистент, профессор, кафедра меңгерушісі болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін абыроймен басқарып, білім ордасының дамуына елеулі үлес қосты.

Бүгінгі таңда техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі.

«Ел тәуелсіздігінің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген қайраткер тұлға өзі оқыған білім ордасынан қол үзбей келеді. Университетімізде дәстүрге айналған мұндай кездесулердің жастар үшін тәрбиелік мәні зор», – деп атап өтті ректор.  

Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде университетте білім алған, қызмет атқарған жылдарды сағынышпен еске алды. Өмір жолындағы барлық жетістіктері үшін университетке және оның ұстаздарына алғыс білдірді.

«Қара шаңырақ бізге өмір жолын ашты. Осында ұстаздарымыздың арқасында алғашқы қадамды бастадық. Университетке әрқашан ризашылық білдіремін», – деді Бақытжан Тұрсынұлы. Сонымен қатар соңғы жылдары университет басшылығының атқарған ауқымды жұмыстарына жоғары баға беріп, ұжым жұмысына табыс тіледі.

Спикер дәрісіне білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді арқау етті. Білім берудің әлемдік сын-қатерлері жайлы айта отырып, әлемдік үздік университеттердің даму бағытына тоқталды. Отандық жоғары оқу орындарын қолдау бағытында қабылданған заңнамалар мен атқарылған жұмыстар жайлы мағлұмат берді. Қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында тұрған ауқымды міндеттер жайлы пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар академик ұлттық құндылықтар хақында ой толғап, жастарды білімді әрі білікті болуға шақырды.

Жүздесу соңында Бақытжан Тұрсынұлы жиылғандар сұрақтарына жауап беріп, Әл-Фараби кітапханасына «Человеческий фактор» кітабын сыйға тартты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі