Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (IAAR) өткізген «IAAR Eurasian University Ranking (IAAR EUR)» 2022 университеттерінің халықаралық рейтингісінің нәтижелері бойынша Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларуссия, Украина, Әзірбайжан және Молдова университеттері арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші және ең үздік университет болып танылды.
Көшбасшылар үштігіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университеті және Ош мемлекеттік университеті кірді.
IAAR EUR халықаралық рейтингі жоғары оқу орындарын төрт индикатор негізінде саралайды: білім сапасы (20 пайыз), жоғары оқу орнының ғылыми әлеуеті (30 пайыз), жоғары оқу орнының халықаралық мойындалуы (20 пайыз), жоғары оқу орнының академиялық беделі (30 пайыз) және IAAR EUR рейтингінің әдістемесі IREG (Observatory on Academic Ranking and Excellence) халықаралық аудитінің сарапшыларымен мақұлданған.
IAAR EUR рейтингі университеттердің бәсекеге қабілеттілігін соңғы әлемдік трендтерге сәйкес бағалайды, жоғары оқу орындарының осы рейтингтегі жоғары позициялары шетелдік талапкерлерді көбірек тартуға, білім беруді интернационалдандыру деңгейін және тек жоғары оқу орындарының ғана емес, жалпы, елдің де имидждік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Халықаралық рейтингтің жоғары бағасына ие болған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне сәтті интеграциялануын тағы бір рет көрсетті.
Рейтинг нәтижелерімен агенттіктің веб-сайтындағы сілтеме бойынша танысуға болады: https://iaar.agency/rating
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі