Жаңалықтар

ҚазҰУ-да сайлау процесін жаңғырту мәселелері талқыланды

11.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесін жаңғырту: тәжірибе, мәселелер, даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары мен сарапшылары, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, азаматтық қоғам мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Қазақстандағы сайлау заңнамасына және сайлау процесін жаңғыртуға арналған конференцияда заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайы талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан аумағы мен шетелдерде сайлау өткізудің құқықтық тәжірибесі, оған теріс әсер ететін жаңа факторларды анықтау мәселелері де басты назарда болды.

Конференцияны ашқан профессор Зайлағи Кенжәлиев сайлаудың демократиялық қоғамды дамытудағы маңызына тоқталды. Ғалым: «Бұл конференцияның өзектілігі – барлық қоғам мүшелері, ғалымдар, сарапшылар сайлау туралы заңнаманы жетілдіру процесіне белсенді қатысады. Ғалымдардың ұсыныстары заң шығарушы билік үшін аса маңызды», – деп пікір білдірді.

Жиында профессор Еркеш Нұрпейісов сөз алып, сайлау заңнамасының даму кезеңдерін сипаттап берді. Сайлау алдындағы үгітті жүргізудегі кейбір кемшіліктер мен сайлау заңнамасына қатысты негізгі өзгерістер жайлы айтты.

Заң факультетінің деканы, профессор Дәулет Байделдинов өз сөзінде заң ғылымы мен құқықтық практиканың өзара байланысының қажеттілігіне назар аударды. Спикер біздің университеттің ғалымдары заң шығару процесіне сарапшылар ретінде де, әзірлеушілер ретінде де әрқашан белсенді қатысатынын атап өтті.

Сондай-ақ конференция барысында Алматы қаласы сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова, ҚазҰУ профессорлары Мұсабек Әлімбеков пен Еркін Дүйсенов, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ профессоры Эдуард Мұхамеджанов, шетелдік ғалымдар – Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры Амонулла Мұхамеджанов, Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры Елизавета Кұтыбаева және өзгелер сөз сөйледі.

Сарапшы ғалымдар ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша кері қайтарып алу тәртібін реттейтін жаңа норманың өзектілігіне мән берді.

Қатысушылар сайлау туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар демократиялық процестерді одан әрі жандандыруға бағытталғанын бірауыздан түйіндеді.

Шараны ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы мен Алматы қаласының сайлау комиссиясы бірлесе ұйымдастырды.

Алуа ИБРАЕВА,

з.ғ.д. профессор, кафедра меңгерушісі;

Дина БАЙМАХАНОВА,

з.ғ.д. профессор