- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Факультет жаңа мамандықпен толықты
21.09.2022Биылғы жаңа оқу жылында филология факультеті тағы бір мамандықпен толықты. «Түркі филологиясы» білім беру бағдарламасының есігі білім аламын деушілерге айқара ашық.
«Түркі филологиясы» білім беру бағдарламасының мақсаты – мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары, түркі мемлекеттерінің елшіліктері, жоғары оқу орындары, ғылыми-өндірістік ұйымдар мен бірлестіктер, республикалық және аймақтық түркітану орталықтары, мемлекеттік органдар мен мүдделі министрліктер үшін түркітану саласындағы ғылыми-білімдік бағыттағы кәсіби кадрларды сапалы даярлау. Осы орайда, 2022/23 оқу жылында «Түркі филологиясы» білім беру бағдарламасында алты магистрант грант иегері атанды.
Білім берудің нәтижесі – түркітанудың білім саласы, оның пәнаралық қарым-қатынасы сияқты қазіргі проблемаларын және перспективаларын саралау; қазіргі заманғы зерттеу әдістерін қолданып, түркітану саласындағы түрлі зерттеулерді, Қыпшақ, Оғыз және Қарлұқ тілдік топтарының қолжазба материалдарын талдау; ежелгі және орта ғасырлардағы ескерткіштерді зерделеудің заманауи әдістерін пайдалана отырып, ЮНЕСКО тізіміне кірген және кіруге үміткер түркі халықтарының материалдық, рухани мәдениеті негізінде ғылыми жобаларды жүзеге асыру; түркітанудың өзекті мәселелерін ғылыми зерттеу әдістерінің, жаңа мұрағат материалдары мен қолжазбалардың негізінде шешу және үлгілеу арқылы түсіндіру; текстологиялық зерттеулерден алынған ғылыми нәтижелер негізінде түркі тілдерінің топтарын зерттеу және үлгілеу арқылы түсіндіру; заманауи түркітану теориялары мен тұжырымдарына сәйкес, ежелгі және ортағасырлық қолжазба материалдарын зерттеудің нәтижелері бойынша өз позицияларын дәлелдеу; түркітану саласындағы ғылыми зерттеулердің міндеттері мен мәселелерін, тиісті әдіснаманы, көшпелі өркениет дамуының тарихи кезеңдерін саралау; магистрлік зерттеулердің өзектілігінің траекториясын, мақсаттар мен міндеттердің анықталуын, зерттеу әдіснамасын, алынған ғылыми нәтижелерді бағалау; оқу және ғылыми-зерттеу пәнаралық зерттеу жобаларын, іске асыру жоспарын, ғылыми нәтижелері мен тұжырымдарын болжау; түркітану бойынша белгілі бір типтегі оқу түрлерінде білім беру қызметін, оқу бағдарламасын, түркітану пәндерін оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістерін және технологияларын ұйымдастыру; инновациялық идеяларды, тәуелсіз болжамдарды, кәсіби жетілдірудің траекториясын қалыптастыру; түркі халықтарының лингвистикалық, әдеби және тарихи ерекшеліктерін, жеке-дара ғылыми зерттеулерді, зерттеу жобасының негізгі тұжырымдарын, зерттеу нәтижелерін кәсіби құзыреттіліктің тілдік параметрлерін ұсыну. Аталмыш негіздер бойынша білім беру бағдарламасы білікті маман даярлап шығуды көздейді.
Нұрбек РҮСТЕМ