- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЕКІНШІ РЕСПУБЛИКА ЖӘНЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ДАМУ
31.08.2022Конституция – бастауы римдік жазба құқық дәстүрі аясында қалыптасқан, өзегі адам құқығын құндылық санайтын ағартушылық кезең әкелген шарттық мәдениет. Мемлекет пен оның азаматтары арасындағы ортақ келісім. ХХІ ғасырдағы әлемдік конституциялық үрдістің дамуы үш бағытта айрықша көзге түсіп отыр: адам құқығы, билікті орталықсыздандыру және жергілікті демократия мәселесінде. Бұл сұрақтар тәуелсіз Қазақстан үшін де өзектілігін жойған емес. Бірқатары биылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар түрінде өмірімізге енді.
ЕКІНШІ КОНСТИТУЦИЯ – ЕКІНШІ РЕСПУБЛИКА
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 1993 және 1995 жылдары екі рет Конституция қабылдады. Бүгінгі таңда қолданыстағы екінші Конституцияға алты рет өзгерістер мен толықтырулар еніп, жалпы саны 56 бапты қамтып отыр. 5 маусымда өткен республикалық референдумда ел дамуына қажетті конституциялық реформаны қабылдадық. Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата, Сенаттың заң шығару процесінен ішінара шеттетілуі, қоғамда абырой-беделі бар азаматтардың өзін-өзі ұсыну арқылы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарда депутат болу мүмкіндігі, өлім жазасының басыбүтін алынып тасталуы, Президенттің тек облыс деңгейінде, онда да шектелген форматта ғана ықпалының қалуы – тұтастай алғанда жағымды өзгерістер ретінде бағасын алуда. Бұл Екінші республика жағдайындағы тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық тынысын кеңейтіп, елдің саяси дамуына жаңа леп әкеліп отыр. Жылдың соңына дейін екі конституциялық заң, 20-дан астам жай заңдар қабылдау жоспары тұр. Университетіміздің ғалымдары, атап айтар болсақ: Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы – А.Ибраева, Д.Баймаханова және Қ.Дәуітәлиевтің қатысуымен «Конституциялық сот туралы» және «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңдардың жобасы әзірленуде.
Екінші республиканың шешуі тиіс мәселе жеткілікті. Солардың бастысы – билікті орталықсыздандыру сұрағы. Бұл мақсат бастапқыда президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынып, ауылдық округ әкімдерін сайлау түрінде іске аса бастады. Осы күні 700-ге жуық ауылдық округ әкімі сайланды, жылдың соңына дейін тағы 300-дей әкім сайланбақ. Бір жыл ішінде ауылдық әкімдер корпусының 60 пайызға жуығы сайланбалы жолмен жаңарды.
2024 жылдан бастап келесі деңгей – аудан әкімдерін сайлау науқаны басталады. Ал облыс әкіміне қатысты орталықсыздандыру сұрағын Конституцияға енген соңғы өзгерістер оңынан шешіп берді. Оған сәйкес, облыс әкімі бұрынғыдай президент бұйрығымен тағайындала салмайды, керісінше, альтернативті негізде кемінде екі үміткер ұсынумен шектеледі. Қай үміткердің әкім болуын өңір депутаттары – облыстық және аудандық мәслихаттар дауыс беру арқылы шешеді. Жергілікті атқарушы биліктің корпусын сайланбалы етумен мәселе шешіліп кетеді деуден аулақпыз. Алда ауылдық округ әкімдерінің аудан әкімінен, соңғысының өз кезегінде облыс әкімінен тәуелсіз болуын, әр деңгейдің қаржылық-бюджеттік дербестігін бекемдейтін нормаларды қабылдау мәселесі бой көрсетеді. Сондай-ақ әкімдер сайлауы діттеген демократиялық мақсатқа жету үшін сайлау туралы, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу қажет.
Жаңа Қазақстанда билік институттарының легитимді болуы маңызды. Өйткені тағайындалған шенеунік пен іріктелген депутаттың карьералық мүддесі Президент Қ.Тоқаев айтатын «халық үнімен» тоқайласа бермейтінін көрсетті. Сондықтан сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға көппартиялық жүйенің дамуына негіз болатын, имитациялық демократиядан ада өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі туындап отыр; халықпен күнделікті байланысқа түсетін барлық саяси мемлекеттік қызметкердің тікелей немесе жанама сайлануы жолға қойылуда; шенге табынушылық пен бюрократияны әлсірету үшін мемлекеттік қызметтің қазіргі карьералық моделінен аралас модельге көшу, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызы контрактілі (англо-саксондық) модель бойынша қалыптасқаны жөн деп санаймыз. Мемлекеттік қызметке іріктеу кезеңі заманауи цифрлық мүмкіндіктерді ескере отырып, ашық, бейтарап және объективті жүруі тиіс. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға институционалдық негіз қалайды.
ӨЗГЕРІС МӘНІ – ДАМУ
Заңи техника тұрғысынан алып қарайтын болсақ, әлемдегі 200-ден астам Конституцияның бірде-біреуі идеал емес. Сондықтан замана көшіне орай, өзгерістер мен түзетулерге ұшырап жатады. Бұл әсіресе континенталдық-құқықтық отбасыға жататын елдердің құқықтық жүйелеріне айрықша тән болып келеді. Атап өтуге тиіспіз, еліміздің құқықтық жүйесі континенталдық құқықтық дәстүрге, соның ішінде романдық бағытқа жатады. Сондықтан да дәстүрі басқа англо-саксондық құқықтық отбасыға енетін АҚШ Конституциясын желеу етіп, елімізде жүріп жатқан конституциялық реформаларды беталды сынау мен айыптау негізді деп айта алмаймыз. Англо-саксондық дәстүрде құқықтық өмірге қажетті нормалар негізінен сот практикасы арқылы анықталатындықтан, заңдарды шығаруға, оларды жиі өзгертуге асықпайды. Сондықтан табиғаты бөтен дүниелерді салыстыру ғылыми тұрғыдан алғанда сын көтермейді. Бір қатарда қарала алмайтын осындай екі түрлі мәселені «бір қазанға салу», өкінішке қарай, құқықтық нигилизмді өршітіп, Негізгі заңның құндылығын кемітуде.
ФЕЙК-АҚПАРАТ ҚҰҚЫҚТЫҚ НИГИЛИЗМНІҢ КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ
Жыл сайын Конституция күніне орай, әлеуметтік желіде Негізгі заңымызға 1100 рет өзгерістер мен толықтырулдар енді дейтін жалған ақпарат тарап жатады. Шын мәнінде қолданыстағы Конституцияға, жоғарыда айтып өткеніміздей, бас-аяғы алты рет (1100 емес!) өзгерістер мен толықтырулар енді. Атап айтар болсақ: 1998 жылы 7 қазанда – 19 бапқа, 2007 жылы 21 мамырда – 40 бапқа, 2011 жылы 2 ақпанда – 1 бапқа, 2017 жылы 10 наурызда – 25 бапқа, 2019 жылы 23 наурызда – 1 бапқа және 2022 жылы 5 маусымда 33 бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар жалпы саны 119 бапқа қатысты көрінгенімен, кейбір баптардың бірнеше мәрте өзгеріске ұшырауы себепті нақты саны 56 баптан аспайды.
ҚҰҚЫҚҚА СЕНІМ МӘДЕНИЕТІ
Конституцияны бас ұрып емес, ақылмен сеніп құрметтеу маңызды. Мұндай құқықтық мәдениетті заң ғылымында «конституционализм режимі» деп атау қалыптасқан. Оксфорд сөздігіне жүгінер болсақ, конституционализм деп – Негізгі заң туралы қоғамда қалыптасқан жағымды көңіл күйді атайды. Бір қарағанда субъективті түсінік болып көрінгенімен, бұл ендігі мәдениетке айналып үлгерген құқықты білдіреді. Яғни заңды жатқа соғып, қалтырап, әр басқан аяғыңды санап отыру емес, парасат-пайым деңгейінде қимыл-қозғалысыңның құқыққа сай немесе сай емес екенін оймен жобалап, еркін өмір сүру мүмкіндігі. Өзіңнің арың мен қоғамның алдында ашық болу ұстанымы.
Ендігі кезекте мұның лайықты ғылыми бағасы беріліп, құқықтық саясатымызды қалыптастыруда, реформалар жасауда ескеруге тиіспіз. Осы күні бұқара халықтың билікке деген сенімі қызу талқыға түсіп отырған тақырыптың бірі. Шын мәнінде халықтың билікке деген сенімін күшейту өзі тұрған бетте бірінші қатардағы мәселе емес. Басты мәселе – биліктің қайнар көзі болып отырған бұқара халық та, халықтың өкілі болып отырған билік органдары да тегістей Конституцияда бекітілген құндылықтар мен принциптерге шынайы сеніп, құрметтеуі тиіс.
Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,
заң факультетінің аға оқытушысы, з.ғ.к.