Жаңалықтар

КОНСТИТУЦИЯ – ӨРКЕНИЕТТІ ДАМУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТІРЕГІ

03.09.2022

1995 жылы 30 тамызда ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы Ата Заңын қабылдап, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алды. Бұл – тұрақты саяси дамуды, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономиканы қалыптастыруды ұстанған өркениетті Қазақстан мемлекетін қалыптастырудың маңызды кезеңі.

Конституция бүкіл халықтың игілігінде өркениетті мемлекетті құрудың күрделі және ұзақ процесінің нәтижесі болып табылады, оның барысында қоғамдағы негізгі саяси күштердің мүдделерін ескере отырып, мемлекеттің қоғам мен жеке тұлғалардың өміріне араласуын шектеу мәселелері бойынша, мемлекеттік билікті ұйымдастыру және жүзеге асыру нысандары бойынша, жеке құқықтар мен бостандықтардың басымдығы мәселелері бойынша ымыраға қол жеткізілді. Қазақстанның біртұтас халқының тікелей ерік білдіруімен дүниеге келген бұл тарихи акт республикамызды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, адамның конституциялық құқықтық жүйеде алатын орнын нақтылап берді. Осылайша Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамызда тиісті Конституцияны қабылдай отырып, өзінің мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатынын жариялады, өзінің егемен құқығын жүзеге асырды.

Республикалық референдумда көпұлттық құрамды халықпен бірауыздан қабылданған бұл Конституцияның мемлекет өмірінде алатын орны зор. Ол мемлекеттің негізгі заңы ретінде бүкіл құқықтық жүйенің фундаменті, ядросы әрі оның дамуының қайнар көзі болды. Оның негізінде экономиканы, саяси, әлеуметтік саланы реттеуге арналған қолданымдағы және болашақ заңнама қалыптасып, дамыды. Басқаша айтқанда, орасан зор әлеуетке ие Конституция мемлекеттік тетіктің, қоғамның барлық салаларының қызметін реттеуге және қамтамасыз етуге бағытталған тұтастай құқықтық жүйенің қалыптасуының берік және тұрақты тірегі болды.

1995 жылғы Конституция республикамыздың басқару нысаны мен мемлекеттік құрылым нысанын анықтай отырып мемлекеттік тетіктің, саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйенің ұйымдастырылуы мен қызмет етуінің негіз қалаушы қағидаларын бекітті, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, республикамыздың қоғамдық, саяси жүйесі үшін жаңа болып табылатын демократиялық институттарды құрды. Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалыптастырудың, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен іске асырудың, мемлекетімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді, татулықты орнықтырудың негізгі алғышарты болып табылады.

Биыл Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының қабылданғанына 27 жыл толады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда 27 жыл көп уақыт емес. Осы уақыт аралығында Ата Заңымыз уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықты екенін дәлелдеді. Жиырма жеті жыл ішінде Қазақстан Конституциясы мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің қарқынды дамуының, мемлекеттің саяси және қоғамдық құрылысының тұрақты орнығуының басты құқықтық кепіліне айналды. Республика Конституциясын жас та болса нақты даму бағытын ұстанған тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болды деп айтуға болады.

Айгерім ЖАРБОЛОВА,

заң факультетінің аға оқытушысы, з.ғ.к.