Жаңалықтар

Университеттің шетелдегі филиалдары жұмысын бастады

29-там-22

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ыстамбұл және Бішкек қалаларындағы филиалы өз жұмысын бастады. Бүгінде қос филиалдың жұмыс үдерісі қарқынды жүруде. Филиалдардың ашылуы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруды, оқытушылар мен студенттер алмасуды, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын  жүргізуді көздейді. Бұл ҚазҰУ мен қос ел университеттері арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы соны қадам.

Ыстамбұлдағы ҚазҰУ филиалы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Филиал базасында қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалар мен сараптамалық-талдау бағытындағы зерттеулер жүзеге асырылады. Ыстамбұлдағы ҚазҰУ филиалында магистратура және докторантура бойынша 17 білім беру бағдарламасы іске асырылады. Атап айтқанда: халықаралық құқық, бизнес, менеджмент, бухгалтерлік есеп және аудит, БАҚ және коммуникация, электрондық коммерция, экономика, халықаралық қатынастар, денсаулық сақтау қызметі, қаржы, бизнесті басқару және маркетинг, исламдық қаржыландыру, басқару, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтауды басқару, қазақ тілі курсы, халықпен қарым-қатынас. Аталмыш филиалға 2022/23 оқу жылына 500 талапкер қабылдау жоспарланып отыр.

Бішкек қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалының оқу ғимараты жаратылыстану-ғылыми бағыт бойынша заманауи үлгідегі аудиториялар және зертханалармен жабдықталған. Оқу бағдарламасы қырғыз, орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Бакалавриат бойынша 12 білім беру бағдарламасы іске асырылады. Олар: цифрлық экономика, халықаралық қатынастар, халықаралық журналистика, халықаралық құқық, құқықтану, шетел филологиясы (шығыс тілдері), биотехнология, ақпараттық жүйелер, органикалық заттардың химиялық технологиясы, математикалық және компьютерлік модельдеу, шетел филологиясы (батыс тілдері), туризм. Ал магистратура бойынша тоғыз білім беру бағдарламасы жүзеге аспақ. Атап айтқанда: биотехнология, туризм, халықаралық қатынастар, халықаралық журналистика, дүниежүзілік экономика, экономика, құқықтану, ақпараттық жүйелер, математикалық және компьютерлік модельдеу. Қорытынды аттестаттаудан сәтті өтіп, білім беру бағдарламасын толық меңгерген түлектерге «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ дипломы беріледі. Бішкек қаласындағы ҚазҰУ филиалына 2022/23 оқу жылына 300 талапкер қабылдау жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда ҚазҰУ филиалдарына талапкерлер қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Оқуға түсуге басқа да шет мемлекеттерден студенттер ұсыныс жасап жатыр. Сонымен қатар аталмыш филиалдарға оқуға түсуге ниет білдірген 10 дарынды жасқа ҚазҰУ дәстүрлі түрде грант бөліп отырады.

 

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ