Жаңалықтар

ҚазҰУ-дың қарлығаштары

05.09.2022

ҚазҰУ – дарынды студенттер ордасы 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттер, магистранттар мен докторанттардың жан-жақты дамуы үшін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыру мақсатында бар жағдай жасалған. Ал студенттер қалашығын ғажайып әлем десе де болар.

Университетте сабақ үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқытушылар біздерге тек қана сапалы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар тәрбие де береді.

Мұнда студенттерге арналған көптеген ұйымдар бар. Яғни болашақ өмірге қадам басқан талапкерлер мен белсенді жастар сабақтан тыс кезде уақытын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында ерікті түрде ұйымдармен белсене жұмыс істей алады. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы медициналық көмек көрсетуге дайын.

Егер сіз қазіргі таңда мектеп қабырғасында білім алып жүрген болсаңыз, Қазақ ұлттық университеті дарынды оқушыларға қолдау көрсету мақсатында 11-сынып оқушыларына арналған жыл сайынғы «Әл-Фараби» халықаралық олимпиадасын өткізеді. Яғни грант ұту мүмкіндігіне ие бола аласыз. ҚазҰУ-ды таңдап, оқуға түскен биылғы 1-курс студенттеріне сәттілік тілеймін!

Қазіргі технология дамыған заманда ҚазҰУ студенттері үшін тегін Wi-Fi желісіне қосылуға мүмкіндік бар. Университет көптеген елдермен серіктес, арнайы бітіруші түлектер оқуын аяқтаған соң, білім сапасын арттыру мақсатында шетел оқу ошақтарына таңдау жасай алады.

ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіретін, сыйластық пен шынайы достықтың мекені. Білім ордасы адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, оның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік береді.

 

  

Аружан ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ,

медицина және денсаулық сақтау факультетінің

3-курс студенті

 

Студенттердің ізденуіне бар жағдай жасалған

ҚазҰУ ең алдымен мені әрқашан өзінің беделімен және кең аумағымен таңғалдырды. Мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ сыныптастарыммен бірге осы университетте өтетін олимпиадаларға жиі келетінмін. Журналистика факультетінің аудиториясында конкурстық эсселер жазғаным және үлкен кітапханада өнер байқауына қатысқаным есімде. Сол олимпиадалардың нәтижесінде осы жерде оқу үшін жеңілдікке ие болдым. Солай бола тұрса да, мен бұл білім ордасының грант иегері атанып, қуанышым еселене түсті.

Бірінші курс кезімізде сабақ онлайн форматта өтті. Біз университетке бармадық және курстастармен кездеспедік. Бірақ онлайн оқу өте қызықты болды. Сол кезде онлайн форматқа үйреніп алдық. Оның көптеген кемшіліктері де, сонымен бірге артықшылықтары да бар. Себебі бұл жаңа және ерекше нәрсе болды. Дегенмен студенттік өмірді сезінгім, кампусты аралап, группаластарыммен сөйлесіп, аудиторияда отырғым келетін. Оқытудың өзі өте ыңғайлы болды, өйткені ҚазҰУ-дың «Универ» деп аталатын өзіндік жүйесі бар. Бірақ бұл жүйені дизайн тұрғысынан да, практикалық жағынан да жаңғырту қажет екені белгілі. Сондықтан, менің ойымша, оны түбегейлі өзгерту керек, дәлірек айтқанда, дизайнды жаңарту және тұрақтылықпен жұмыс істеу. Әрине, бұл көп уақыт пен ақшаны қажет ететінін түсінемін, бірақ, менің ойымша, бұл тұрарлық дүние.

Бірінші курста оқыту онлайн болғанына қарамастан, мен студенттік емхана қызметін бірнеше рет қолдандым, жатақханаларды көрдім, баспада тәжірибеден өттім, Әскери кафедраға түстім, кітапханада және журналистика факультетінде бірнеше рет болдым. Қазір қалыпты сабақ үрдісі бойынша білім алуды жалғастыруға мүмкіндік туды. Өз қатар-құрбыларыммен бірге студенттер қалашығындағы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып келеміз. Студенттер кампусы көз тартарлықтай әдемілігімен қатар, жастардың білім алуына, ізденуіне барынша жағдай жасалған. Сондықтан ҚазҰУ – мен үшін өте ыстық мекен.

 

Әділет СҮЙЕУБЕК

 

Арманым да, таңдауым да – ҚазҰУ 

Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап білімге ден қойдым. Сол кездері жоғары оқу орнында білім алу арманым еді.

Әлі есімде, анамның аузынан КазГУ түспейтін. «Біздің заманымызда тек білімділер ғана оқыған, маған арман болған білім ордасы» деп тамсанатын, мақтайтын. Бірақ мені ҚазҰУ-ға ғашық еткен бұл емес.

11-сыныпта оқып жүргенімде ұстазым табыстаған кітапқа таласа жармастық. Бұл Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» атты роман-эссесі еді. Ішімнен «Роман-эссе деген қалай?» деп қызыға парақтай бастадым. Бұл кітап мені нағыз Әуезовпен ғана емес, керемет білім ордасы – ҚазҰУ-ға одан әрі ғашық етті. Зейнолла Қабдоловтың өзге жоғары оқу орнынан ҚазҰУ-ға ауысуы оны үлкен жетістікке жетеледі. Әуезовтей ұстаздың дәрісін тыңдап, тіпті қолынан қымыз ішіп, нағыз іні-шәкіртіне айналуына да білім ордасының қосқан үлесі көп.

Иә, менің арманым ең үздік туындының  авторы жүрген дәлізбен жүріп, білім берген ордада оқу еді. Сондай-ақ менің ғана емес, атаулы білім ордасына түсуге асық қаншама студенттің бар екені белгілі. Бүгінгі таңда осы оқу ордасында 26 мыңға жуық жастар білім алуда. Арманым шындыққа айналды. Әлемдік рейтингте тұрған, ауқымы бойынша ең үлкен білім ордасында бүгінде мен де білім алудамын. Онға жуық ұйым, үлкен кітапхана, әсем саябақ – бәрі дәл осы ҚазҰУ-да орналасқан. Бұл ҚазҰУ-ға деген махаббатымды одан әрі арттыра түседі.

 

Аяулым ҚОРҒАНБАЙ