- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Кәсіби дипломат студенттермен кездесті
13.10.2022Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретіндегі сыртқы қарым-қатынасына 30 жыл толды. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен 2022/23 оқу жылында халықаралық қатынастар факультетінде тәуелсіз еліміздің сыртқы саясаты мен дипломатиясы тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың көшбасшылық дәріс оқу ісі қолға алынды.
Таяуда Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі, мемлекет қайраткері Айымдос Бозжігітов арамызға келіп көшбасшылық дәріс оқыды. Факультеттің жас ғалымдары мен білім алушылары үшін Айымдос Ерсайынұлы үлгі аларлық өнегелі тұлға. Майталман дипломаттың Қазақстанның ТМД елдерімен, оның ішінде Армения және бауырлас Қырғыз елімен арадағы қарым-қатынасымызды, өзара серіктестігіміз бен ынтымақтастығымызды дамытудағы қосқан үлесі шексіз. Еліміздің ертеңі, болашақ дипломаттар Айымдос Ерсайынұлының өмір жолы мен қажырлы еңбегін қастерлейді әрі үлгі тұтады.
Білікті бітімгер көшбасшылық дәрісін бастағаннан-ақ жас білім алушылардың назарын бірден баурап алды. Саңлақ дипломат өзінің дәрісін «Дипломаттың естеліктері: жаһандық тұрақсыз дәуірде дипломат болудың жүгі қандай?» тақырыбында өткізді. Дәрісте Айымдос Ерсайынұлы қазіргі таңдағы әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы мен құбылмалылығына тоқталып, осы құбылыстардың жаһандану кезеңінде жедел таралуынан туындайтын түрлі формадағы қауіп-қатердің елімізге ықпалы жайында айтып, оған тың баға берді. Өзінің Армения Республикасында төтенше және өкілетті елші болып тұрғанда армян академиялық қоғам өкілдерінен Дешті Қыпшақ тақырыбына қатысты көп әңгіме естігенін, Армения мемлекеттік архивінде орта ғасырлардағы қыпшақтар жайлы ақпаратты қамтитын көптеген деректерді байқағанын жеткізді.
Дәріс соңында Айымдос Ерсайынұлы кәсіпқой дипломатқа қажетті мінез-құлық, аса маңызды қабілет жайындағы тәжірибесімен бөлісті. Бітімгер дипломат болу үшін жас ұрпаққа екі түрлі формадағы білімді меңгеру қажеттігін атап өтті. Елші алдымен «терең білім» – өз мамандығын жете меңгеру үшін жинайтын ілім болса, екіншісі «кең ауқымды білім» – бұл кәсіпке қатысты жинайтын білім туралы айтып берді. Дипломаттың ойынша, осы екі түрлі формадағы білімді ұштастыра білген жас маманның болашағы жарқын.
Айымдос Ерсайынұлы сынды тұлғалардың тәжірибесімен танысу өскелең ұрпақтың дамуы мен өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруына мол үлес қосады.
Сырым ПАРПИЕВ,
халықаралық қатынастар факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыс бойынша орынбасары