Алматыда Ә.Қастеев мұражайында «Дара» қайырымдылық қорының 15 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары қатысты.
ҚазҰУ ректоры «Дара» қайырымдылық қорының 15 жылдық биік белесімен құттықтап, қайырымдылық адамдардың бір-біріне көрсететін ең ізгі, асыл қасиеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Қазақ халқында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген бір керемет сөз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құрғаны белгілі. Мұндағы мақсат – жеке көздер арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдап, қайырымдылық көмек беру. Президент өз сөзінде қайырымдылыққа атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын үнемі еске салып отырады. Соның ішінде «Дара» қайырымдылық қоры 15 жыл бойы кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты тұлғаларға қол ұшын созып, өнері мен қабілетін танытуға айрықша үлес қосып келеді. Қор басшысы Гүлнар Есенгелдіқызы нардың жүгін көтеріп, ер-азаматтардың өзі жүрексінетін жұмысты бұйым көрмей атқарып келеді. Осы 15 жыл ішінде көмекке мұқтаж жандар мен жетім балаларға арналған әлеуметтік жобалары жемісті нәтиже берді», – деді университет ректоры.
Сондай-ақ «Дара» қорының көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіп жатқан қамқорлығы да халық тарапынан оң бағаға ие болды. Қор жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына, білімдерін жетілдіруге және шығармашылықтарын дамытуға өзіндік жол ашып отыр.
Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев қайырымдылық қорының басшылығы мен ұжымының алдағы жұмыстарына үлкен жетістіктер тілеп, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі