Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев көрнекті тілші-ғалым, ҚР ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаеваның 70 жылдығына арналған «XXI ғасыр тілтанымдық ойдың даму үдерісі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуына қатысты.
Алқалы жиында ЖОО басшысы сөз сөйлеп, қара шаңырақ ҚазҰУ-дың дамуына сүбелі үлес қосқан профессор Зейнеп Мүсілімқызын мерейлі жасымен құттықтады.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкерден бастап, академиялық мәртебеге қол жеткізуіңіз тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбегіңіздің нәтижесі. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың дамуына елеулі үлес қосып, «Филология» және «Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша PhD диссертациялық ғылыми кеңестің мүшесі болып келесіз. Сіздің лингвистика саласындағы мазмұны терең еңбектеріңіз ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағаланды. Жастардың қамқоршысы болып, білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз», – деген жылы лебізін білдірді. Жансейіт Түймебаев өз сөзінде ғалымның қажырлы еңбегінің жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
Сондай-ақ ғылыми шараға қатысушы ғалымдар түркітілдес халықтардың тілі мен әдебиетін зерттеген тұлғаның адамгершілік қасиеті мен жетістіктері, мол тәжірибесі жайлы айтып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Қатысушылар баяндамаларында тіл білімінің өзекті мәселелері кеңінен қозғалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі