- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Философиялық зерттеулердің жаңа бағыттары талқыланды
14.10.2022ҚазҰУ-да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Ғазиз Телебаевтың 65 жылдығына арналған «Философия: ғылым және өмірлік миссия» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынның мақсаты түркі және қазақ философиясының дәстүрлерін саралауға, әлемдік философия тарихы мен заманауи философиялық зерттеулердегі жаңаша көзқарастарды анықтауға, Қазақстан Республикасындағы этно-діни идентификация мәселелерін зерделеуге бағытталған.
Шара философия және саясаттану факультеті, Әл-Фараби орталығы, Философия, саясаттану және дінтану институты мен Қазақстандық философиялық конгрестің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Жиында Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Сіз қазақ ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан зерделі ғалымсыз. Тынымсыз ізденіс пен білімге деген құштарлығыңыз дың арқасында бірнеше буын шəкірт тəрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз. Ұлттық мүдде жолында үлкен жауапкершілік арқалап, қайраткер азамат, білікті басшы ретінде еліміздің жарқын болашағы үшін ерен еңбек сіңірдіңіз. Қара шаңырақ ҚазҰУ өзіңіздей тұлға түлегін, ғалым-профессорын мақтан етеді. Сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыңызға бақ-береке, қызметіңізге табыс тілеймін», – делінген хатта.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ғалымның ұлтаралық жəне конфессияаралық байланыстарды реттеуде мемлекеттік тіл, азаматтық қоғамды қалыптастыруға қосқан зор үлесін атап өтті. «Ғұмырыңыздың биік белесі – мерейтойыңызбен өз атымнан және ұжым атынан шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің ортасында бәйтеректей жайқалып, ұстаздық қызметіңіз бен шығармашылық табыстарыңыз әрқашан толыға берсін», – деді Бақытжан Берікбайұлы.
Алқалы жиынға қатысқан алыс-жақын шетелдерден және еліміздің гуманитарлық сала ғалымдары қайраткер ғалым Ғазиз Тұрысбекұлына ізгі тілектерін арнап, жылы лебіздерін жеткізді.
Жиын пленарлық мәжіліске ұласып, онда ғалымдар қазіргі қазақ философиясының жай-күйі, мәдениет жүйесіндегі философия: әлеуметтік миссия, түркі философиясының интеллектуалды дәстүрлері, біртұтас тұлғаның дамуы – тарихи процестің мақсаты мен мәні сынды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі