- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жұмыс берушілермен байланыс нығаяды
17.10.2022Жұмыс берушілер өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыруға қатысу, мемлекеттік аттестаттау комиссияларының құрамын бағалау және түлектерді жұмысқа қабылдау кезінде тікелей жұмыс беруші ретінде әрекет ету арқылы білім сапасына әсер етеді.
Жұмыс берушiлердiң университеттiң бiлiм беру қызметiне тiкелей қатысуы бiлiм беру бағдарламаларын әзiрлеу, сондай-ақ сараптау бойынша консультациялар, практикалық сабақтар жүргізу, қонақ дәрістер мен семинарлар ұйымдастыру ісінен көрініс береді.
Экономика және бизнес жоғары мектебінің Экономика кафедрасы жұмыс берушілермен байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. 2021/22 оқу жылының соңында отандық корпоративті сектордың ірі ұйымдарымен, атап айтқанда: «Отбасы Банк» АҚ, «Агро Лэнд Ко» ЖШС, «Скиф Трейд» ЖШС және «Key To Life EC» ЖШС-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын белгіледі. Олар: бірлесіп оқыту және білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу; студенттерді тәжірибелік сабақтарға бағыттау; бірлескен ғылыми зерттеулер жасау.
Экономика кафедрасы таяуда 4-курс студенттеріне жұмыс берушімен «Бизнес аналитика: қажетті дағдылар» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Кездесу қонағы Мақсат Қалибеков – QBI Analytics компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры. Ол ЭжБЖМ «Экономика» мамандығының 2007 жылғы үздік түлегі. Кездесудің мақсаты – кәсіби біліктілікке қойылатын еңбек нарығы талабының бірі – студенттерді кәсіби тағылымдамадан өтуге қабылдау. Мұндай іс-шаралар студенттерге жұмыс берушілермен кездесіп, қарым-қатынас жасауға, жұмысқа орналасу мәселесі бойынша кеңес алуға тамаша мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Микроэкономика» сабағының «Сұраныс және ұсыныс икемділілігі» тақырыбы бойынша «бірлесіп оқыту» форматында жұмыс берушінің дәрісі өтті. Дәріс барысында отандық компаниялардың кейстары талданды. Сөйтіп, теориялық білім практикадағы қолданысымен ұштастырылды. Алдағы уақытта «бірлесіп оқыту» форматында жұмыс берушінің дәрісі «Кәсіпкерлік», «Қолданбалы эконометрика» т.б. бейіндік пәндер негізінде өткізу жоспарланып отыр.
Ғалия ДӘУЛИЕВА,
Экономика кафедрасының меңгерушісі