ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттері Student Energy Challenge байқауының алтыншы маусымының ақтық мәресіне қатысты.
Бұл байқау 2017 жылдан бері KAZENERGY қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Байқауға Қазақстанның сегіз жоғары оқу орнынан 10 команда, оның ішінде ҚазҰУ-дың Battery Recycling құрама командасы қатысты.
«Экология» бағыты бойынша ҚазҰУ студенттерінің командасы «Экология, батареялар мен аккумуляторларды кәдеге жарату» тақырыбындағы ізденістерін баяндады.
Бүгінгі таңда экология экологтерді ғана емес, жалпы қоғамды алаңдататын өзекті тақырыпқа айналды. Пайдаланылған аккумулятор мен батареяларды жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу өте қымбат және ұзақ уақытты қажет етеді. «Қалдықтарды кәдеге жарату, өңделген шикізатты қайта жасап шығару – күрделі мәселелердің бірі. Барлық батареяларда қорғасын, кадмий, никель, мырыш, сынап, литий оксиді сынды әртүрлі металдар мен химиялық улы заттар бар. Мәселен, қоқысқа тасталған батарея шамамен 20 шаршы метр жерді ауыр металдармен ластайды», – дейді ЭБЖМ 3-курс студенті Асан Әбдірахым. Байқауға қатысушылардың айтуынша, бұл жоба экологиялық мәдениет пен қоғамның жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.
Тартыс нәтижесінде барлық қатысушыларға атаулы сертификаттар табысталып, жеңімпаз командалар ағымдағы жылдың соңына дейін өз жобаларын зерттеуге грант иеленді.
KAZENERGY қауымдастығы, сондай-ақ байқаудың демеушісі Shell Kazakhstan компаниясы ҚазҰУ-дың Battery Recycling құрама командасының мүшелері Асан Әбдірахым мен Асан Мұхамеджанның өзекті әрі қызықты жобалары үшін ерекше алғыстарын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі