- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да әлем архившілері тәжірибе алмасты
19.10.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде I Халықаралық архившілер конгресінің «Архивтер, музейлер және кітапханалар: ұлттық жадты сақтау міндеттерінің бірлігінде білім беру траекториясын өзгерту» атты диспут-сессиясы өтті. Оған қазақстандық мамандармен қатар шетелдік эксперттер, университет оқытушы-профессорлары мен білім алушы жастары қатысты.
Іс-шара модераторы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев алдымен құрметті қонақтарды таныстырып, университеттің архившілер мен құжаттанушы мамандарды даярлауда алдыңғы орында екенін жеткізді.
Университетте «Архивтану және деректану» білім беру бағдарламасы 1991 жылдан оқытылып келеді. ҚазҰУ мен ҚР Президенті архиві арасындағы дуальды білім беру туралы меморандум аясында оқу-өндірістік «Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану» кафедрасы табысты жұмыс істейді. «IT құжаттану және мұрағаттану» мамандарын даярлау биыл екінші жыл жүргізілуде.
Сонымен қатар жетекші оқу орны жыл сайын ҚР Президентінің архиві және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен бірлесіп жас мұрағатшылардың Халықаралық жазғы мектебін өткізеді.
«Бүгінде ҚазҰУ-дың «Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану» кафедрасында ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді.
Жақын арада университеттің Ыстамбұл және Бішкек филиалдарында осы сала бойынша мамандар даярлау және ҚазҰУ базасында Орталық Азия бойынша «Құжаттану және мұрағаттар» ғылыми орталығын ашу жоспарлануда», – деді Жансейіт Түймебаев.
Жиында БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек сөз алып, адамзаттық жадыны сақтаудағы архивтің рөліне және бүгінгі цифрландыру мүкіндіктеріне мән берді. «Мұндай маңызды шараның Қазақстанда БҰҰ-ның жаһандық хабы болып табылатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқанына ризамын. Себебі барлығы білім берумен тығыз байланысты», – деді ол.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат архивтер, кітапханалар мен музейлер тарихи жадының негізін қалайтынын айтты. «Бүгінгі таңда цифрландыру өмірімізге еніп, осы үш сфераны біріктіріп отыр. Бүгінгі күннің талабы – IT-архивші, IT-кітапханашы, IT-музейші мамандарды дайындау. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы дайындықты жүзеге асыруда», – дей келе, Елбасы кітапханасы осы біріккен үштіктің бірегей үлгесі екенін мәлімдеді.
Шақырылған қонақтар қатарында Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының директоры Угур Унал, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының байланыс және ақпараттандыру бөлімінің басшысы Сергей Карпов, ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров сөз сөйлеп, пікір білдірді.
Сондай-ақ басқосуда архив ісін дамыту, тарихи-құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелері және деректанудың жаңа бағыттары талқыланды.
ҚР Президентінің архиві Халықаралық архивтер кеңесі бастамасымен өтіп жатқан шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі