Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «SUPER STUDENTS» телевизиялық таланттар байқауы көрерменге жол тартты

20-қаз-22

Бүгін Республика күніне орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде факультет аралық тұңғыш «SUPER STUDENTS» телевизиялық таланттар байқауының алғашқы шығарылымы көрермен назарына ұсынылады.

Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ұйымдастырылған бағдарламаның мақсаты – Жаңа Қазақстанның талантты жастарын анықтау, студенттер арасында патриотизмді дамыту мен қоғам алдындағы және университет өміріндегі белсенділігін арттыру.

«SUPER STUDENTS» университет қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Байқауда 16 факультет 4 топқа бөлініп, өзара сайысады. Әр шығарылым сайын сарапшылардың шешімімен топтан екі факультет жобамен қоштасады. Ақтық сайысқа 4 факультет өтіп, «SUPER STUDENTS» телевизиялық бағдарламасының жеңімпазы анықталады.

Байқауда факультет студенттері үш кезең бойынша сынға түседі:

1-кезең: Классикалық және дәстүрлі жанрда ән салушылар мен аспапта орындаушылар сайысы;

2-Кезең: Бишілер сайысы;

3-Кезең: Ерекше қабілет көрсету сайысы.

Алғашқы шығарылымда механика-математика факультеті, философия және саясаттану факультеті, халықаралық қатынастар факультеті және филология факультеті өнер көрсетеді.

Студенттердің өнерін танымал актер Байғали Есенәлиев, белгілі филолог, профессор Элеонора Сүлейменова, кәсіби биші Роман Лузанов, дәстүрлі әнші, республикалық байқаулардың жеңімпазы Бек Нұридденұлы қазылық етіп, бағалайды.

«SUPER STUDENTS» телевизиялық таланттар байқауының алғашқы шығарылымын 20 қазан күні «Farabi media» Youtube каналынан кешкі сағат 20:00-де көре аласыз!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі