- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ӘРБІР АДАМ АРҚЫЛЫ ҚОҒАМ ӨЗГЕРУІ ҚАЖЕТ
20.10.2022Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында бүгінгі қоғамда аса өзекті саналатын негізгі мәселелерді ел-жұрттың талқысына салды. Соның ішіндегі «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деген үшінші бөлімде халықтың келешегіне алаңдап, денсаулық сақтау, білім беру сияқты ең күрделі әлеуметтік мәселелерге тоқтайды. Ұлағатты ұстаздардың басты міндеті – жалпы адамзатқа ортақ құнды қасиеттерді жастардың бойына сіңіру, бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие, білім беру. Мұны біз жақсы түсінеміз және университетіміздің ұжымы Мемлекет басшысының жолдауында айтылған талаптарға сай қызмет етуде және біз ғалым ретіндегі ізденушілігімізді одан әрі жетілдіре береміз.
Президентіміз «Берекелі қоғам» деген тақырыпты текке таңдап алып отырған жоқ. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда елдің біртұтастығы қажет. Осы құжатта «Елдің экономикалық өсуіне, халықтың әл-ауқатына, білім мен ғылымға, тұрақтылыққа, тіл мен дінге және дәстүрге көп көңіл бөлу керек. Еліміздің күш-қуаты берекелі бірлікте, ендеше бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік» деген ой тастаған еді. Сондай-ақ осы жолдауда жаңа Қазақстанның жаңару жолындағы дамуының басты мәселелеріне, атап айтқанда: экономикалық, әлеуметтік-рухани және демографиялық ахуалға ерекше көңіл бөлді. Елімізді одан әрі дамыту үшін әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер мәселесін шешуді алға қойып отыр. Елімізде олигархиялық капитализмнің дәуірі аяқталды. Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан құру басты мақсатымыз деп атап көрсетті.
Өздеріңіз білесіздер, жалпыхалықтық референдум нәтижесінде еліміздің Ата заңы – Конституцияға 50-ден астам өзгеріс енгізілді. Бұл дұрыс шешім болды, соның нәтижесінде өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басып келе жатырмыз. Осы жолда елімізге ең алдымен ауызбіршілік, ақыл мен парасат, табандылық қажет. Сондықтан біз жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеп, терең білім және жоғары қабілеттілікпен адал еңбек етуге тәрбиелеуіміз керек.
Біз келешекте әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталып, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси, салиқалы мәдениетті қалыптастыруға тиістіміз. Президент жолдауындағы міндеттерді шешіп, мақсат-мұратымызға жету үшін әрбір адам және бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Себебі бұл еліміздің болашағы, тұрақты даму үшін, келешек қоғам үшін өте маңызды. Сондықтан мен бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсініп, еліміздің тыныштығын ойласа екен дегім келеді. Сөйтіп, мемлекетіміздің дамуына тірек, Отанымыздың адал азаматы болса деген ниет бар.
Төлеубек ПЕНТАЕВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор