Жаңалықтар

Әділет генерал-майоры Мұхтар Жөргенбаев: «Жақсы ұстаз болу үшін жақсы шәкірт бола білу қажет»

20.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әділет генерал-майоры, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, заңгер Мұхтар Жөргенбаев көшбасшылық дәріс оқыды.

Дәріске зиялы қауым өкілдері, прокуратура саласының ардагерлері, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Көшбасшылық дәрісті білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Мұхтар Әкебайұлы қай қызметте болса да, өзін кәсіби маман, мықты ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білген азамат екенін атап өтті.

«Мұхтар Жөргенбаев 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, сол жылдан бастап прокуратура органдарында жауапты қызметтер атқарды. Прокурордың көмекшісі, аға тергеуші, аса маңызды істер бойынша тергеуші, прокурордың орынбасары сияқты сан қырлы сатылардан өтіп, тәжірибе жинақтады. Атырау қаласының прокуроры, Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Алматы облысы прокурорының 1-орынбасары, Атырау облысының прокуроры, Түркістан облысының прокуроры сияқты міндеттерді мінсіз атқарды. Бүгінгі таңда ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері. Райымбек ауданының құрметті азаматы. Мұхтар Әкебайұлының құқық қорғау органы саласындағы мол тәжірибесі, кәсіби біліктілігі біздің жастарымызға зор үлгі болары сөзсіз», – деді университет ректоры.

Өз кезегінде дәріскер ұжымға ризашылығын білдіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азиядағы ірі және алдыңғы қатарлы университеттердің бірі екенін атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен елімізге танымал мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар, мықты журналистер, прокурорлар шықты. ҚазҰУ – білімнің қара шаңырағы. Осы мықтылар шыққан білім ордасына келіп, көшбасшылық дәріс оқу маған үлкен мәртебе. «Жақсы ұстаз болу үшін жақсы шәкірт бола білу қажет» деген сөз қазақта бекер айтылмаған. Қазір жақсы шәкірт бола білген студент ертең мықты ұстаз болады. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Бүгінгі жас – болашақ жаңа Қазақстанның жанды бейнесі. Сондықтан білікті және білімді маман болып шығуларыңыз үшін сапалы білім алуларыңыз керек», – деді Мұхтар Әкебайұлы.

Сондай-ақ өз сөзінде Мұхтар Жөргенбаев қызметтегі жетістіктері мен өмір жолынан сыр шертіп, жастарды озық білімді игеріп, өз елінің патриоты болуға шақырды.

Жұмыс барысындағы қызықты оқиғаларын әңгімелеген Мұхтар Әкебайұлы дәріске қатысушы студенттердің сұрауы бойынша ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтып, ақын шығармалары туралы өз ойын білдірді.

Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу соңында университет ректоры Жансейіт Түймебаев Ғылыми кеңестің шешімімен құрметті мейманға «Әл-Фараби» Күміс медалін табыстады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі