- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ұлағатты ұстаз туралы үзік сыр
21.10.2022Білім мен ғылым жүйесінде бірінен-бірі ажырағысыз үш тұғырнама бар, олар – мұғалім, оқытушы және ұстаз деген ұғымдар. Бұл парасаты биік ұштасуды екінің бірі бағындыра алмайтыны баршамызға белгілі. Осы үш ұғымды қатар ұстап, бар парасат-пайымымен оған қызмет ететіндер некен-саяқ. Солардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Алуа Ибраева. Қанша жылдан бері осы оқу орнында табан аудармай, табандылықпен жұмыс істеп келеді.
Алуа Саламатқызы 60 жастың биігіне шықса да, оны дүбірлі той қылып атап өтуден бас тартып, өзіне тән баз баяғы қарапайымдылығынан таймады. Жоғарыда біз атап өткен үш тағанды Алуа Саламатқызына теңеп отыруымыз бекер емес. Көп жағдайда орта мектепке қатысты «мұғалім» деген сөзді қолданамыз. Әрине, бұл өзі солай болса да, Алуа Саламатқызына да, мектепте мұғалімдік қызмет атқармаса да, тән қасиет деп есептеуге болады. Өйткені ол кісінің жетекшілігімен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы мектеп оқушыларына арналған «Құқық негіздері» пәні қазақ, орыс, ұйғыр және өзбек тілдерінде дайындалған болатын. Бұл оқулық қазіргі таңда 2003-2020 жылдары бірнеше рет баспа бетінен жарық көріп, мектеп оқушыларын құқықтық білімнің негіздерімен сусындатуда.
Тумысынан оқытушылық дарыған тұлғалар болады. Дәл осы қасиет Алуа Саламатқызының өмірлік серігі және ұстанымы десек артық кетпейміз. 1980 жылдан бүгінгі күнге дейін оқытушылық қызметтің сан белесін бағындырып өтті. Оқытушылық қызметте де, тек ассистенттен профессор дәрежесіне жетіп қана қойған жоқ. Сонымен қатар қазақстандық белгілі ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымының докторы, профессор, марқұм Ғайрат Сапарғалиевпен қазақ тілінде алғаш болашақ заңгерлердің әліппесі болып табылатын «Мемлекет және құқық теориясынан» оқулық жазып шығарды. Қазіргі кезеңде бұл оқулық бірнеше басылымнан өтіп, Қазақстанда заң білімін үйрететін оқу орындарының кітапхана сөресінен табылатын еңбектер қатарынан көрінуде.
Ұстаз деген киелі ұғым болса, сол ұстаздық парасатты көрсете білу де қаншалықты қиын екені баршамызға белгілі. Әрине, ұстаз болу бақыт десек, сол бақыт құсы қонған жанның бірі – Алуа Саламатқызы. Ол өзінің тәлімгері Сұлтан Сартайұлының ұстаздық жолымен Қазақстанның заң ғылымында аянбай еңбек етіп жүрген шәкірттерді тәрбиелеуде. Бүгінде жоғары оқу орындарында жемісті еңбек атқарып жатқан А.Сманова, С.Сартаев, А.Қаратаева, С.Есетова және т.б. атап өтуге болады.
Алуа Саламатқызының кандидаттық және докторлық диссертациясының арқауы болған тақырыптардың бірі майдан қыл суырғандай шыдамдылықты қажет ететін, өте кірпияздықты талап ететін құқықтық мәдениет болып табылады. Құқықтық мәдениет – ауқымы кең, арнасы құқық ғылымымен ғана шектеліп қоймайтын, философиялық пайымды қажет ететін мәселенің бірі. Осы тақырыпқа жүрексінбей бара білудің өзі ерлікпен пара-пар. Қазіргі кезде заң факультетінің студенттеріне «Құқықтық мәдениет» арнайы курс ретінде оқытылады. Бұл – Алуа Саламатқызының теорияны тәжірибемен біріктіруге ұмтылған қадамдарының бірі.
Ғалымның ерекше атап өтетін тағы бір қасиеті – ұстазға творчестволық тұлға ретінде қарауында. Бүгінгі таңда Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып отырған профессор Алуа Саламатқызы қатал талап қоюмен қатар, шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін оқытушыларға академиялық еркіндік бере біледі. Бұл, біздің ойымызша, кафедра меңгерушісі деген аттың байыбына толық бара білгендік.
Алуа Саламатқызын шын жүректен бүгінде жеткен биік белесімен құттықтап, шығармашылық, отбасылық табыстар тілейміз!
Бақытжан ҚУАНДЫҚОВ,
Ұлттық заң академиясының президенті және академигі
Динара ТҰРСЫНҚҰЛОВА,
заң ғылымының кандидаты