Жаңалықтар

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: ҚазҰУ үздік жүздіктің қатарына кіретініне сенемін

21.10.2022

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім алушылары мен оқытушы-профессорлық құрам өкілдеріне көшбасшылық дәріс оқуға Астанадан ат арылтып арнайы келді. Көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерін қошеметпен қарсы алған білім ошағының ректоры Жансейіт Түймебаев: «Бақытжан Тұрсынұлы университетіміздің танымал түлегі. Өмір жолында өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған зерделі ғалым. ҚазҰУ-дың бұрынғы ректоры, экс-білім және ғылым министрі т.б. лауазымдық қызметтер атқарды. Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға зор еңбек сіңірді. Қазір халық қалаулысы ретінде жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысып жүр. Бізді үнемі қолдайды, жол түскенде осылай университетке келіп тұрады», – деді. 

ҚазҰУ-ға келгенде өзім оқыған, талай жыл қызмет істеген қазіргі механика-математика факультетіне кіріп, сәлем бере кетейін деген ой болды. Сөйтсем, әр факультеттен өкілдер, ұстаздар, ғалымдар, білім алушылар келіп отыр екенсіздер. Сіздерді көріп, әрі қуанып, әрі толқып тұрмын. ҚазҰУ-дың таза, саф ауасын сағынғандаймын. Осында келе жатып «жастарға қандай тақырыпта әңгіме айтсам екен» деп ойландым. Қарап отырсам, тақырып өте көп екен. Содан заңғар жазушымыз Мұхаңның – Мұхтар Омарханұлының осындай бір кездесуге келгенде «Сіздерге естігенімді айтайын ба, жоқ, көргенімді айтайын ба?» дегені есіме түсті. Сөйтіп, көргенімді айтайын деп шештім. Өйткені ұлы даланың ұлттық құндылықтарының тәрбиелік мәні өте зор ғой. Осы тұрғыда, содан кейін қазіргі білім саласындағы жаңа трендтер жөнінде ой қозғайын. Осы екі тақырыпты бұрыннан ойлап жүруші едім.

Мен оқу ордасына 1973 жылы келгенмін. «Елу жылда – ел жаңа» дейді қазақ халқының даналығы. Қарап отырсам, бар өмірім осы Қазақ университетімен өзектес екен. Мен ол кезде жиырмадағы жас жігіт едім. Әскерден кейін шинельді арқалап, ескі химфактың корпусына келсем, әлі есімде, 203-бөлме болу керек, Құлжабай Қасымов деген профессор ағайымыз болған, сол кісі отыр екен. Маған ағай 60-70 жастағы үлкен кісі болып көрінді, сөйтсем, сол кезде небәрі 37 жаста екен. Ол заманда әскерден келгендердің көбі заң факультетін жағалайтын, әрі кетсе тарихқа баратын. Ал мен Құлжекеңнің батасымен сол жылы ашылған қолданбалы математика факультетінің студенті атандым. Тағдыр маған соны жазған шығар. Өмірімдегі бар жетістігімді осы факультетпен байланыстырамын. Мен мұны жай ғана айтып тұрғаным жоқ, осы күнге дейін әлемнің 30-35 мемлекетінде болдым, қандай да бір басқосу, жиын бола қалған жағдайда әңгімені осы механика және қолданбалы математика факультетінен бастайтынмын. Сонда оқып, білім алдық. Ол кезде коррупция деген түсінік жоқ. Студенттен ақша алу деген ұғым мүлде жоқ. Қайта ұстаздарымыз бізге «қарның ашып қалған жоқ па?» деп ақша беріп, көмек қолын созатын. Сондай бір тамаша факультетте, мықты ұстаздардан білім алғанымды мақтан етемін.

Қазір өздеріңіз білім алып отырған кампус адам танымастай өзгерген. Биыл қалашықтың алғашқы ғимараттары салынғанына 50 жыл толды. Ол кезде бәрі бос, маңайда ештеңе жоқ еді. 1970-71 жылдары Өмірбек Жолдасбеков ректор болып келді. Мәскеуде оқыған, 39-40 жастағы жігіт ағасы. Сол кезде біздің көзімізге Өмірбек Арсланұлы тау тұлғалы, үлкен кісі болып көрінетін. Шіркін, біздің ұстаздарымыз қандай білгір маман еді. Математиканың кез келген саласын тереңінен, түбінен індете оқытты. Осы күні қоғамда «іргелі ғылымдарға көңіл жіті бөлінбейді» деген пікір бар, ол кезде математикаға қойылатын талап өзгеше-тін. Ой, несін айтайын, бізге аузын айға білеген мықты-мықты академиктер сабақ берді ғой.

      Математикалық анализден Орымбек Жәутіков, дифференциалдық теңдеуден Нәбиболла Ахметжанұлы, жартылай дифференциалдық теңдеуден Кәтеков деген марқұм ағамыз дәріс оқыды. Кейін маған «қай кафедраға барасыз, таңдаңыз» дегенде, мен өзі әдемі, өзі жас Айсағалиев Серікбай Әбдіғалиұлының кафедрасын таңдадым. Ол кісі, міне, араларыңызда отыр. Ұстазыма үнемі алғыс айтып жүремін. Айтпақшы, ЭВМ-ді материалдық қамтамасыз ету деген кафедраның М.Тайслен деген жетекшісі болды. Сол тұста кафедралар бір-бірімен жарысып, араларында адал бәсеке болушы еді. Құлжабай Қасымовты ерекше жақсы көріп, сыйладым. Мәруан Сағитов деген деканымыз қандай білімдар адам еді. Бәрін айтып енді тауыса алмаймын.

       Ол кезде жастау кезіміз, факультеттің ғылыми кеңесіне қатысамыз. Сонда екі профессор – Василий Антонович Сапа мен Дмитрий Иванович Молюков білім жөнінде бір-бірімен айтысып-тартысып жатады, «ай, мынадан кейін бет көріспейтін шығар» деп ойлаймыз. Жоқ, жиыннан кейін екеуі құшақтасып, дәлізде әңгімелесіп кетіп бара жатады. Біздің кезіміздегі профессорлар сондай-тын, әділін айтатын, шындық үшін шырылдап жүретін. Мамандықтарына берілген, аса еңбекқор еді. Қазір біз «әр студент өзінің тракториясын таңдауы керек», «кредиттік технологиямен оқығаны абзал» дегенді жиі айтамыз. Меніңше, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біз осы оқу ордасында жұмыс істей бастағанда соның бәрі болды. Мүмкін, аты басқа болған шығар, бірақ заты сол еді.

Қазір заман өзгерді, сонымен бірге студенттердің де жағдайы өзгерді. Осы күні «жастарға жатақхана жетіспейді» деген мәселе қоғамда үздіксіз көтеріледі. Ал мен оқуға түскенде жатақхананы екі жыл күттім, үшінші жылы ғана қолым жетті. Мүмкін, біз білім алған кезеңде тұрмыс қиын болған шығар, жағдайымыз аса жақсы болмаған шығар, алайда бізді ұстаздарымыз еңбекқорлыққа үйретті, жалықпай жұмыс істесеңдер «адам боласыңдар», «мықты маман боласыңдар» деп баулыды.

Соңғы 30 жылда елімізде үлкен өзгерістер орын алды. Жастарға айтарым, біздің ең үлкен құндылығымыз – тәуелсіздігіміз. Демек, тәуелсіздік әр қазақстандықтың ерекше сыйлайтын құндылығы болуға тиіс. Біздің жоғары оқу орындары мықты маман дайындап, әлемдегі өркениетті елдермен бәсекеге түсетіндей амал жасамаса, жасыратыны жоқ, қазір дағдарысқа түскен кейбір мемлекеттердің шаңын жұтатын боламыз. Сондықтан білім саласына көзқарас айрықша болғаны жөн. Мен өзім түлеп ұшқан университетіме ерекше мән беремін. Елу жыл бойы оқу ордасына қолымнан келген көмекті көрсетіп келемін. Бірақ мен мұны көмек деп санамаймын. Бұл – менің парызым, борышым. Қара шаңырақ ҚазҰУ өмірге соны соқпақ салды, жолымды ашты. Қытайлықтарда «Бірінші қадам – мыңжылдыққа бастайтын жол» деген қанатты сөз бар, сондықтан университетке әрқашан ризашылығымды білдіремін. Мұнда оқу, қызмет ету әрқайсыңызға Алланың берген сыйы деп түсінемін. Шынымды айтайын, мен ректор боламын деп ойлағаным жоқ, тіпті доцент болу деген ой да басымда қылтимады. «Мұғалім болсақ» деген арманмен жүретінбіз. Расымен, мені осы ұжым өсірді, осындағы ұстаздарым көтерді. Сондықтан университет барда қазір тер төгіп жүрген ұстаздардың есімі, еңбегі ұмытылмайды.

Қазір осы залда Өмірбек Арсланұлының рухы тұрғандай күйді сеземін. Қалашықтың ауасы мен аурасы ерекше. Мен бүгін университетке Әл-Фараби даңғылы жағынан жаяу келейін деп едім, Жансейіт Қансейітұлы «сіздің жаяу жүргеніңіз жараспас» деді. Содан кітапханадан бері аралап келдік. Екі сағат бойы араладық. Қандай керемет қалашық, қарасаң көз тоймайды. Ректор болғаным сол еді, үшжылдық бағдарламаны бекіттім. Екі жарым жыл ғана жұмыс істедім, одан кейін Елбасы Білім және ғылым министрі лауазымына шақырды. Айтайын дегенім, ректор болып тұрғанымда таң атпай оянатынмын. Тезірек таң атса екен деп тілейтінмін. Сондағым – ұжыммен кездескенше асығатын едім. Бұл енді айтып тауыса алмайтын ерекше жылдар еді, көп жыл істеу бұйырмады, небәрі екі жарым жыл...

Қалай сенатор болдым, солай университеттерге академиялық бостандық пен басқару билігін беру керек деген мәселе көтеріп, заң қабылдауға түрткі болдым. Ұстаздарға үлкен сенім арту керек, олардың академиялық бостандығы толық болуы шарт. Қазақ ұлттық университеті өзге оқу орындарына үлгі болуы керек. Университетті дамыту жоба-жоспарымен таныстым. Сіздерді өте үлкен жұмыстар күтіп тұр екен. Әлемдік рейтингте, яғни QS-те топ-100 университеттің ішіне кіретін оқу ордасы болуға шамаларыңыз жетеді және мен соған сенемін. Қазақта «Бесігіңді түзе» деген ұғым бар. Демек, білім беретін мектепті жаппай жетілдірмей, жоғары оқу орындарының жағдайы дұрыс болмайды. Университет ұстаздарының жалақысын көтеру керек деген мәселені де мінберден мен көтердім. Сол қазір бірте-бірте іске асып келеді.

Реті келгенде айта кетейін, қазақ тарихында ұялатын ештеңе жоқ. Біздің тарих – мыңжылдықтар тарихы. Тамыры терең тарихы бар елдің, халықтың ұрпағымыз. Құдайдың бізге берген мәңгілік құндылығы – ел мен жер. Шетелдің құндылықтарына ере беруге болмайды. Өзіміздің ата дәстүрімізді, салт-санамызды, болмыс-бітімімізді дәріптейік, жастарды осыған үндейік.

Қазақстанда ғылым саласы дамып келеді. 2010 жылы министр болып тұрғанда ғылыми өлшем ілімі (наукометрия) дегенді енгізгенбіз. Сол тұста әлемдік журналдарға қазақстандық ғалымдардың 300 мақаласы басылған екен, қазір көрсеткіш 33 мыңға жетіпті. Өкінішке қарай, наукометрияны басшылар ең басты көрсеткіш етіп алды. Ғылыми өлшем ілімі соның бір көрсеткіші ғана болуы керек еді, шетелдік басылымдарға ғылыми мақала шығаруды ту етіп алдық. Тіпті ол талап етіледі. Мақала шығару үшін әлгі шетелдік журналдарға 1000-3000 доллар төлеу деген не масқара?! Сонда біз сырт елге инвестиция құйып отырмыз ғой. Бұған бәріміз жабылып тоқтау салуымыз керек. Осы мәселеге орай, қазір Сенат заң қарастырып жатыр, екі-үш айдың ішінде Мәжіліс талқысына түсуі мүмкін. Бұйыртса, ғылымды қаржыландыру алдағы уақытта 1 пайызға жетеді, бұл дегеніңіз – 500 млрд теңге шамасындағы қаржы. Мұны қалай игереміз? Құрметті ұстаздар, сіздер білім алушыларға тақырып беріп, РhD қорғатасыздар, ал олардың 80 пайызы диплом ала алмай жүреді. Міне, жоғары білім саласының осындай түйткілдері бар. Осы мәселелерді шешу жағын қарастырған абзал.

Сөз соңында жастарға «еңбектен қашпаңдар, өз мамандықтарың бойынша жұмыс істеңдер» деген өсиет айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, кейбір жастар «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргісі келеді, бірден жақсы өмірді аңсап, банктерге, компанияларға қарай жүгіреді. Өз мамандығың бойынша кемінде бес-алты жыл жұмыс істеңіздер, кейін қайта оралуға мүмкіншілік болмай қалады. Ал өзіңнің таңдаған мамандығың бойынша жұмыс істеп, оның жемісін көру – үлкен бақыт. Осыны естен шығармаңыздар.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

 

 

Врезка

Қазақ ұлттық университеті өзге оқу орындарына үлгі болуы керек. Университетті дамыту жоба-жоспарымен таныстым. Сіздерді өте үлкен жұмыстар күтіп тұр екен. Әлемдік рейтингте, яғни QS-те топ-100 университеттің ішіне кіретін оқу ордасы болуға шамаларыңыз жетеді және мен соған сенемін.