Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті

21.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға оқу орнының басшылығы, оқытушы-профессорлары мен білім алушы жастар қатысты.

Мерекелік шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртқан ұлттық мереке – Республика күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! 

1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда Қазақстанның шекарасы, азаматтығы, дипломатиялық дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің басты алғышарты, негізгі тірегі саналады. Жаңа Қазақстан құру жолында Республика күні мерекесінің қайтарылуы маңызды және тарихи шешім болды», – деді ректор. 

ЖОО басшысы өз сөзінде елімізде биыл орын алған маңызды оқиғаларға тоқтала келе, жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы білімді жастардың рөлін айрықша атап өтті. Бұл бағытта университетте атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. 

Жыл басында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Биыл Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады. 


Жақында ҚазҰУ-да  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ студенттердің игілігі үшін аудиториялар мен жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 


Құттықтау сөзден соң, ҚазҰУ ректоры білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан университеттің оқытушы-профессорлары мен қызметкерлерін «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Жиында ҚазҰУ-дың филология факультетінің профессоры, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Элеонора Сүлейменова сөз сөйлеп, 1990 жылдардағы қоғамның көңіл күйін еске алды. «Бұл үлкен үміттерге толы тамаша кезең еді. Декларация барша әлемге Қазақстанның егемендігін паш етті. Онда мемлекеттігіміздің басты қағидасы: тұтастығы, оның аумағына қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту міндеттері айтылды», – дей келе, профессор ұлттық мерекені құрметпен ұлықтауға шақырды.

 

Ал жас ғалым, Қазақстан тарихы кафедрасының PhD докторы Алмас Тоқсанбаев Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұлт мәртебесіне қосқан үлесін саралады. Қайраткерлеріміз маңызды құжаттың қабылдануы үшін бастарын бәйгеге тігіп, аянбай тер төккенін атап өтті.

 

«Бұл айтулы датаның ел тарихындағы салмағы зор. Бүгінгі қазақ жастарының бойында ұлтжандылықты арттыру үшін тарихқа деген сүйіспеншіліктерін күшейту маңызды. Заманауи қоғамда алпауыт елдердің қайсысын алсақ та, тарихпен түзелген мемлекеттер екені анық. Сол сияқты Республика күнін санамызда жаңғыртумен қатар, ұлтқа деген құрметімізді, білімге, ғылымға деген ынтамызды арттыруға тиіспіз», – деді Алмас Тоқсанбаев.

 

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Тұмар» тобы халық әндерінен попурри орындап, көпшіліктің көңіл күйін көтерді. Сонымен қатар ҚазҰУ өнерпаздарынан құралған «Фараби» ансамблі, бишілері мен әншілері ән-жырдан шашу шашып, мерекелік кештің сәнін кіргізді.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі