Жаңалықтар

Ғасырлар жүгін арқалаған ерекше кезең

26.10.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күнін қайта жаңғыртып, ұлттық мереке ретінде бекітуі жаңа Қазақстан құру жолында маңызды және тарихи шешім болды.

1990 жылы 25 қазанда қабылданып, Қазақстанның шекарасы, азаматтығы, дипломатиялық дербестігі, ресми рәміздері бекітілген Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуелсіздігіміздің басты алғышартына, негізгі тірегіне айналды.

Мемлекет басшысы Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», – деп мәлімдеді.

Шынында да, еліміз үшін егемендік – ғасырлар жүгін арқалаған ерекше кезең ретінде құнды. Заманауи теорияларда мемлекет дамуының негізгі үш шарты ерекше көрсетіледі: биік мақ­сат­-мұратты алға қойып, іске асыра алатын саяси лидердің болуы; мемлекетте сындарлы стратегиялық даму жоспарының жұмыс істеуі; адами капитал мен біліктілігі жоғары еңбек ресурс­тарының мемлекет дамуына ықпалы. Бүгінгі таңда осы үш шарт – ұлт тұтастығының үш тағаны, тәуелсіздігіміздің берік кепілі.

Мерекелік басқосуда: «Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып  жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүрген жерінде үнемі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жайында айтады. Бұл пафос емес, шын мәнінде осындай қоғам құру – бәріміздің көкейіміздегі асыл мұратымыз. Өйткені «бірлік бар жерде тірлік болатынын» біздің дана халқымыз ежелден-ақ білген.

Қаңтар оқиғасынан басталған осы жыл тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу шын мәнінде қиын екенін көрсетті. Ауызбіршіліктің, бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін айқын сезіндік. Жаңа саяси реформалар мен оң өзгерістер қажеттілігі туындады.

Өздеріңіз білесіздер, Президент 7 қаңтардағы үндеуінде: «Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті. Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек», – деп баса айтты.

Сондай-ақ 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында: «Біздің мұратымыз – жаңа Қазақстанды құру. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!» – деп үлкен сенім артты.

Президент бастамасымен маусым айында Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтай өтіп, елдік мәселелер көтерілді. Маусым айында жалпыхалықтық референдум қолдау тауып, Конституциямыз заман талабына сай жаңарды.

Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қалыптастыру бағыттарын айқындап берді.

Алдағы 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Ел болашағы үшін әрбір азамат өз таңдауын жасап, белсенділік танытарына сенемін.

Президент атап өткендей: «Біз бүкіл ел болып жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады. Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз».

«Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ. Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Расында да, ұлттық рәміздерге деген құрметіміз сөзсіз артуға тиіс. Қасиетті көк байрағымыз қазақстандықтарды, әсіресе жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге үндейді. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қасиетті қара домбырамен бірге көк туымыз әр үйдің төрінде тұрса жарасымды. Бұл біздің ел мен жерге деген сүйіспеншілігіміздің, құрметіміздің көрінісі болар еді.

Президент тіл мәселесін үнемі басты назарда ұстайды. Солай болуы заңды да, өйткені тілдің жайы жүрдім-бардым қарайтын жеңіл мәселе емес. «Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс еш тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл біздің жол емес, – деді Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде тіл, діл мен дін сияқты өте «нәзік» мәселеде жөнсіз эмоцияға берілмегеніміз абзал. Ұлт үшін өте маңызды құндылықтарды саясиландырудан біз ештеңе ұтпаймыз. Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуына әрқайсымыз адал еңбегімізбен үлес қосуға ниетті болайық. Бос айқай-шу, даңғазалық қоғамға ешқандай абырой әпермейді.

«Мақсатымыз – әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын», – деді Мемлекет басшысы.

Еліміздің бәсекеге қабілетті қуатты мемлекетке айналғанын қаласақ, Мемлекет басшысы идеясының төңірегіне топтасайық. Президентімізге сеніп, «бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шыққан» жағдайда ғана біз берекелі қоғам құра аламыз.

Мемлекет басшысы көздеген жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандар, білікті ғалымдар ғана қалыптастыра алады.

Ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздың «Бір елдің болашағын білгің келсе, ол елдің жастарына қара» деп қалдырған өсиеті бар. Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, мемлекетімізді биіктерге көтеру – жастардың қолында. Ал сол жастардың қанатын қатайтып, тәрбиелеу – ұстаз-ғалымдардың міндеті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы өзіне жүктелген бұл міндетті ең жоғары деңгейде орындауға күш салады, осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар да аз емес.

Оқу орнымыз биыл QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Мемлекет басшысының қолдауымен Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады. Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.

Биылғы 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ресми сапармен келіп, оқу орнымыздың қызметімен және ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңінің жоспарымен танысты. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін университетіміздің оқытушы-профессорларына, ғалымдарымызға үлкен жауапкершілік жүктелуде.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да ғылыми жетістіктері Қазақстан мен шетелдерде жоғары бағаға ие 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Биылғы 2022 жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалуда.

Университетте көшбасшылық дәрістер жүйелі өткізіліп, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елші-дипломаттар, шетелдік ғалым-профессорлар тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Студенттердің игілігі үшін аудиториялар мен жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республика күні қарсаңында екі үлкен жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, студенттерге пайдалануға берілді. ҚазҰУ қалашығы аумағында жаңадан заманға сай дәмханалар, ғаламтор-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшірме орталықтары ашылды.

Ұлттық мереке аясында университетімізде арнайы іс-шаралар, апталықтар, көшбасшылық дәрістер ұйымдастырылды. Жас ғалымдар мен үздік білім алушылар форумы, Республикалық жастар форумы, Студенттік спартакиада апталығы, жалпыуниверситеттік марафон мен «Алтын күз» жәрмеңкесі ұлттық мерекені ұлықтау және студенттерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылды. Жастарды жаңа қазақстандық патриотизмге баулу ҚазҰУ оқытушы-профессорларының алдағы уақытта да басты бағдары болып қала бермек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры