- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Диаспорологияның даму келешегі талқыланды
28.10.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Қазақстан кәрістері диаспорасының 85 жылдығына және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған «Жаһандану, трансұлттық және цифрландыру дәуіріндегі диаспорологияны дамыту келешегі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Конференция жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы, Кәрістер қауымдастығының вице-президенті (Корея Республикасы) Ким Ен Ми, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Юрий Шин, ҚазҰУ Азиялық зерттеулер институтының директоры, профессор Герман Ким, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры Диларам Иноятова, Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер (Германия) орталығының профессоры Беате Эшмент және басқа да ғалымдардың қатысуымен онлайн және офлайн форматта өтті.
Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Хайдар Тасыбеков: «ҚазҰУ – QS әлемдік рейтингінде 150-орынға ие және ҚР жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде алдыңғы қатардағы еліміздегі көшбасшы білім ордасы. Алдағы жылы университеттің құрылғанына 90 жыл толуын атап өтеді және білім ордасы студенттік қалашық құрылысының екінші кезеңін бастау жоспарланып отыр», – деп атап өтті.
«Қазақстан егемендікке қол жеткізген сәттен бастап мультивекторлық және бейбіт саясатты жариялады. Бүгінде әлемнің барлық елдерімен достық қарым-қатынасты ұстанады. Осындай саясаттың арқасында ҚазҰУ Еуропа, Азия және Солтүстік Американың көптеген жетекші университеттерімен тығыз байланыс орнатып, халықаралық ғылыми-білім беру форумдары мен жиындардың ашық алаңына айналды. Диаспорологияның өзекті мәселелеріне арналған бүгінгі конференция біздің елімізде жеке ғылыми бағыт пен оқу пәні ретінде институттандыру үшін маңызды. Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, еңбек етуді жалғастыруда. 2022 жылдың басындағы қаңтар оқиғасы этникалық құрамдас бөлікті көрсетпей, керісінше, Қазақстан халқының бірлігін көрсетті. Жақында президент сайлауы және ҚР Парламентінің жаңа құрамын сайлау өтеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында атап өткендей, біз жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құруға бірлесіп атсалысуымыз қажет», – деді проректор Х.Тасыбеков.
Сондай-ақ жиында бүгінде диаспоралар мемлекеттер арасындағы көпірге және халықаралық қатынастардағы жұмсақ күш құралына айналатыны атап өтілді. Қазіргі кезеңде диаспоралық ресурс әлемде жаңа тәсілдермен бағалана бастады. Диаспоризацияның механизмдері мен қарқыны айтарлықтай өзгерді.
Кәрістер қауымдастығының вице-президенті (Корея Республикасы) Ким Ен Ми өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа Қазақстан, Корея және әлемнің басқа да елдерінен ғалым зерттеушілерді біріктірген ғылыми конференцияға қолдау танытқанына алғыс білдірді.
«Технология өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып, адамды алмастырған ғасырдағы күннің жаңа міндеті – адам болып қала білу және адамгершілік қасиеттерден арылмау. Бұл диаспора зерттеулерінде адамның қадір-қасиетіне ұмтылуды және рухтың абсолютті құндылығы туралы ойлауды ұстанумен тікелей байланысты. Бұл сонымен қатар диаспорадағы академиялық жетістіктердің қажет болуының себебі. Бүгінгі кездесу маңызды ғылыми жетістіктерді растайтын және дамудың жаңа мүмкіндіктерін зерттейтін маңызды орынға айналады деп сенемін», – деді Ким Ен Ми.
Ғылыми конференция барысында ғылыми зерттеулер туралы әңгімелеген басқа да қатысушылар мен ғалымдар өз пікірлерімен бөлісті.
Шараның пленарлық отырысы аясында «Ресей және батыс ғылымындағы диаспораларды зерттеудің теориялық-әдіснамалық тәсілдері», «Сәйкестікті қалыптастыру процестері» және басқа да тақырыптарда баяндамалар тыңдалып, қатысушылар арасында қызу пікірталас өрбіді.
Шараның екінші күнінде Азиялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған Корей театрының 90 жылдығына арналған конференция жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі