- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Алматы қалалық штабының отырысы өтті
29.10.2022Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының отырысын өткізді. Оған қалалық штаб жетекшісінің орынбасарлары, аудандық қоғамдық штаб жетекшілері мен аудандық штаб аппаратының басшылары қатысты.
Отырысты Алматы қалалық қоғамдық штабының төрағасы, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, үгіт-насихат кезеңінің І толқынындағы жұмыстардың жоспарға сай жүргізілгенін атап өтті. «Республикалық қоғамдық штабтан бөлек, еліміздің барлық өңірлерінде штабтар ашылып, үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Соның ішінде Алматы қаласында бір қалалық және сегіз аудандық қоғамдық штаб құрылып, бір апта көлемінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді», – деді қалалық штаб басшысы.
Ары қарай сайлауалды штабтың атқарған жұмыстары туралы қалалық штаб төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев баяндады. Ол үгіт-насихат жұмыстары қатаң заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Кездесулердің барысы жайлы толықтай айта келе, сайлаушылардың талап-тілектерімен де таныстырды.
Сондай-ақ жиында Алматы қалалық штаб төрағасының орынбасарлары – «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, журналист Сергей Пономарев және өзге де қатысушылар сөз алып, сайлауалды бағдарламаны түсіндіру бойынша өз пікірлерімен бөлісті.
Жиын соңында Жансейіт Түймебаев қоғамдық штаб мүшелеріне белсенділігі үшін алғыс білдіріп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын халыққа еркін форматта түсінікті тілмен жеткізуді ұсынды. Барлық үгіт-насихат жұмыстары тек желілік кесте аясында жүргізілуі тиіс екенін еске алып, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес берді.
Айта кетсек, Алматы қалалық қоғамдық штабы 147 адамнан тұрады, ал сегіз аудандық штабта 236 насихатшы жұмыс істеуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі