Жаңалықтар

Түлектер ҚазҰУ-да қонақта болды

29.10.2022

Журналистика факультетінің түлектері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келіп, қалашықты аралады. ҚазҰУ-ды осыдан 30 жыл бұрын бітірген түлектер арнайы ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты.


1986-1991 жылдар аралығында оқыған түлектермен кездесуге олардың оқытушылары – ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры, филология ғылымының докторы Н.Омашев, филология факультетінің профессоры Ө.Әбдіманов, журналистика факультетінің профессоры Д.Ысқақов, журналистика факультетінің доценті Т.Дүйсебаева келді. Жиында журналистика факультетінің оқытушылары мен деканы Н.Қуантаев сөз сөйлеп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келген шақтарды еске алды.

Кейін түлектер журналистика факультеті мен кампусты, ҚазҰУ мұражайын, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын және бес жыл оқыған кезде тұрған №5 жатақхананы аралады. Бүгінгі таңда №5 студенттер үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Әр қабатта ас бөлмесі, студенттерге қолайлы болу үшін секцияларда жуынатын бөлме қарастырылған. Сонымен қатар барлық жиһаздар жаңартылып, бөлменің дизайны өзгертілді.

 

Білім ордасын тамамдағанына 30 жыл болған түлектер жатақханадағы өздері жатқан бөлмелерді аралап көріп, студенттік кездерін еске алды. Түлектер ҚазҰУ-дың қазіргі келбетін өткен студенттік жылдармен салыстыра отырып, кампустың жаңа түрге ие болғанын, күрделі жөндеуден өткен аудиториялар мен жатақханаларда ерекше атмосфера орнағанын атап өтті. Түлектер студенттерге көрсеткен қамқорлығы мен әлеуметтік жауапкершілігі үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, жоғары оқу орнының барлық ұжымына табыс тіледі.

 

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі