- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Экологиялық заңнама мәселелері талқыланды
31.10.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландырудың ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі және оны практикада қолдану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бұл конференция экологиялық заңнаманы құқықтық қолдану мәселесін талқылауға және халықаралық тәжірибені ескере отырып, қазіргі жағдайда құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге арналған.
Конференцияны ұйымдастырушы – ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы. Конференция жұмысына ТМД елдерінен келген заңгер ғалымдар, оқытушылар, жас ғалымдар қатысып, шетелдік және ұлттық жоғары оқу орындарының студенттері мен білім алушылар атсалысты.
Профессор Е.Дүйсенов конференцияға қатысушылардың назарын қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы ҚР Конституциясының нормаларына аударып, еліміздің Негізгі заңын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын баяндады. Әріптесін қолдай отырып, Таллинн университетінің профессоры, П.М.Ярвелайд экологияның шекарасы жоқ екенін және экологиялық заңнаманы қолдану мәселелері өзге елдерде де өзекті екенін атап өтті. Аталған мәселелердің барлығы бүгінде зерттеу мен тәжірибе алмасуды қажет етеді.
Өз кезегінде ҚазҰУ-дың заң факультетінің деканы, профессор Д.Байделдинов заң ғылымы мен құқықтық практиканың өзара байланысының қажеттілігін атап өтті. Профессор Л.Еркінбаева Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау мәселелеріне тоқталды. Конференция барысында сөз сөйлеген ғалымдар өзекті экологиялық мәселелерді, экология және табиғатты пайдалану саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті, қоршаған ортаны қорғауды құқықтық-экономикалық реттеу, реамедиация және т.б. мәселелерді талқылады. Сондай-ақ елдің қолданыстағы экологиялық заңнамасын жетілдіру және мемлекеттік органдардың экологиялық маңызды шешімдер қабылдау жолдары ұсынылды.
Конференция жұмысына шетелдік ғалымдар да белсене атсалысты. З.ғ.д. Г.Узакова, з.ғ.д., профессор Ш.Файзиев, з.ғ.к. Н.Раджабовтар (Ташкент мемлекеттік заң университеті) баяндама жасады. Олар Өзбекстан Республикасы Экологиялық кодексінің жобасын, экологиялық нормалауды цифрландыру саласындағы құқықтық шешімдерді және климаттың өзгеру мәселелерін шешу жолдарын ұсынды.
Қазан федералды университетінің доценті, з.ғ.д. Э.Ф.Нигматуллина (Ресей Федерациясы), з.ғ.д., профессор А.П.Анисимов өз баяндамаларында ТМД елдерінің заңнамасына салыстырмалы талдау жасай отырып, ҚР Экологиялық кодексінің бірқатар артықшылықтары мен құқық қолдану практикасындағы ұқсас проблемаларды анықтаған. Беларусь мемлекеттік университетінің өкілдері, Экологиялық және аграрлық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к. О.В.Мороз экологиялық заңнама мәселелеріне тоқталды.
Конференция тақырыбын талқылауға қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері де белсенді қатысты. Белгілі қоғам қайраткері, «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының басшысы С.Г.Куратов Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына қарамастан, кейбір соттардың экологиялық конвенциялар нормаларын қолданбайтынын атап өтті. Бұл жағдай заңсыз шешімдер қабылдауға, жұртшылықтың құқықтарын бұзуға және табиғи ортаның жойылуына ықпал етеді. Сондай-ақ қатысушылар Каспий өңірінің жекелеген экологиялық проблемаларын және оларды тәжірибеде шешуді қарастырды.
Конференцияны қорытындылай келе, з.ғ.д., профессор Л.Еркінбаева Қазақстандағы экологиялық заңнама мәселелері қашанда өзекті және сұранысқа ие болып қала беретінін атап өтті. «Жасыл экономикаға» өту кезіндегі оң нәтижелерге қарамастан, елімізде экологиялық ахуал бойынша елеулі назар аудару, мемлекеттік органдар тарапынан шешімдер қабылдау және Қазақстанның заңнамалық базасын одан әрі жетілдіруді талап ететін өте күрделі жағдай байқалады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі