Жаңалықтар

ҚазҰУ студентіне Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақы табысталды

1-қар-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті Алтынай Мәлікаждароваға Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақы табысталды.

Биыл «Alash Media Group» ЖШС ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенттері үшін Батыр Қазыбаев атындағы шәкіртақыға байқау жариялаған болатын.

Alash Media Group холдингінің негізін қалаушы, белгілі қазақстандық медиа менеджер, қоғам қайраткері Батыр Қазыбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған байқауға талантты, креативті студент жастар қатысты.

Шәкіртақы табыстаудың мақсаты – журналистика саласындағы ҚР жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын студенттерінің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметін ынталандыруға бағытталған.

Атаулы стипендия иегері атанған журналистика факультетінің 3-курс студенті Алтынай Мәлікаждарова: «Бұл стипендия атқарылған жұмыстың нәтижесінен гөрі аға буынның жас буынға көрсеткен қолдауының белгісі деп есептеймін. Мұндай бастамалар шығармашылықпен айналысатын жастар үшін үлкен ынталандыру. Alash Media Group еліміздегі ең ірі холдинг болса, оған кіретін tengrinews.kz еліміздегі ең көп оқылымға ие сайт. Бұл шәкіртақы мен үшін үлкен мәртебе және өз-өзімді жетілдіруге берілген тамаша мүмкіндік», – деген пікірімен бөлісті.

Бүгінде Алтынайдың журналистика саласындағы еңбектері республикалық басылымдар мен телеарналарда жарық көріп келеді.

Студентімізді жеңісімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі