- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да ММУ профессоры Сүлейман Аллахвердиев көшбасшылық дәріс оқыды
02.11.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде М.В.Ломоносов атындағы ММУ профессоры Сүлейман Аллахвердиев «Баламалы энергетика: жетістіктер, проблемалар мен перспективалар» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Биология және биотехнология факультеті ұйымдастырған іс-шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері, ғалымдар және білім алушы жастар қатысты.
Құрметті қонақты ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева таныстырды. Ол кездесудің маңыздылығын атап өтіп, университетте көшбасшылық дәрістер ұйымдастыру игі дәстүрге айналғанын жеткізді. «Бұл жоба студенттерге өз таңдаған мамандығының ерекшеліктері туралы құнды ақпарат алуға мүмкіндік береді, сонымен қатар жастарды өзін-өзі дамытуға және табысты мансап құруға жетелейді», – деді проректор.
Сонымен қатар Әсел Уәлиева профессордың жетістіктері мен еңбектеріне қысқаша тоқталды. Сүлейман Ифханұлы Аллахвердиев – РҒА К.А.Тимирязев атындағы Өсімдіктер физиологиясы институтының Басқарылатын фотобиосинтез зертханасының меңгерушісі, РҒА корреспондент-мүшесі, Жаһандық энергия халықаралық энергетикалық сыйлығының лауреаты. Ғалымды Thomson Reuters-WOS (Clarivate Analytics) компаниясы биология саласындағы ең көп сілтеме жасалған ресейлік зерттеуші ретінде атады және Elsevier, Springer, CSIRO Publishing сияқты алты халықаралық журнал редакторының орынбасары, 15-тен астам халықаралық журналдың редакциялық алқасының мүшесі.
«Сүлейман Аллахвердиев – физика-химиялық, молекулалық биология және өсімдіктер биохимиясы саласындағы халықаралық деңгейде танылған ғалым. Оның ғылыми қызығушылықтары II фотосистеманың құрылымы мен қызметін, су тотығу кешенін, жасанды фотосинтезді, сутектің фототүзілуін зерттеуді қамтиды», – деп атап өтті Әсел Уәлиева.
Мәртебелі қонақ өз кезегінде алдымен университет басшылығына алғыс білдіріп, жиылғандар назарын баламалы энергетика мәселелеріне аударды.
«Әлемнің жаһандық мәселелері туралы бәріміз білеміз. Бұл халық санының өсуі, аштыққа қарсы күрес, табиғи ресурстардың сарқылуы, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың артуы, елдер арасындағы қақтығыстардың күшеюі. Көп жағдайда бұл проблемалар энергетикалық ресурстарға деген мұқтаждыққа байланысты. Уақыт өте келе бұл жағдай тек ушыға түседі», – деді спикер.
Оның айтуынша, жаһандық энергетикалық мәселелерді шешу үшін әртүрлі экологиялық таза жаңартылатын энергия көздері көбірек қолданылуда. Оларға дәстүрлі түрде жел, геотермалдық және күн энергиясы, сонымен қатар қайта өңделген биомасса негізіндегі энергия кіреді. Қазіргі ғылым баламалы энергия көздерін қолданудың перспективалық бағыты ретінде табиғи фотосинтезді қарастырады.
Сондай-ақ Сүлейман Аллахвердиев ҚазҰУ-ға сапары барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болды. Жүздесуде тараптар екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру перспективаларын талқылады. Кездесу соңында университет басшысы ғалымға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі