- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ МӘСЕЛЕЛЕРІ» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
08.11.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы қаласы әкімдігі, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен бірлесе отырып, 2022 жылдың 2 желтоқсанында көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстану ғылымы мен білімінің негізін салушы, дипломат, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің туғанына 75 және мемлекет, қоғам және дін қайраткері ретіндегі қызметіне 50 жыл толуына арналған «ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ МӘСЕЛЕЛЕРІ» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.
Конференцияның өтетін орны: Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығы, Әл-Фараби кітапханасы, 4-қабат.
Конференция барысында төмендегідей секциялар жұмыс істейді:
- Академик Әбсаттар Дербісәлі: ұстаз, ғалым, дипломат, мемлекет, қоғам және дін қайраткері.
- Адамзат өркениетіндегі Шығыс мәдениеті.
- Қазақстан және ислам әлемі: тарихи, мәдени, рухани байланыстардың бүгіні мен болашағы.
- Шығыс деректеріндегі Тұран тарихы.
Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президент Әкімшілігі, ҚР Парламенті, мемлекеттік органдар өкілдері, ҚР-дағы Шығыс елдерінің Елшілік өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, отандық және шетелдік зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, дін саласының қайраткерлері қатысады деп жоспарлануда.
Аталған салалар мамандарын конференция жұмысына қатысуға шақырамыз және 2022 жылдың 10-қарашасына дейін мақалалардың мәтінін жіберуді сұраймыз.
Конференцияның жұмыс тілдері – қазақ, орыс, ағылшын және араб.
Мақалаларды рәсімдеу кезінде төмендегі талаптарды ұстану қажет: электрондық нұсқада басылған мәтіннің көлемі 10-12 бетке дейін. Қарпі – Times New Roman, кеглі – 14; жоларалық интервалы – 1; енінен туралау; абзацтық шегінісі – 1 см; парақ бағдары – кітаби, жоғарғы және төменгі өріс – 2,0, сол – 3,0 және оң өрісі – 1.
Тақырыпты рәсімдеу (бас әріппен, қалың қаріппен, ортасы бойынша туралау) МАҚАЛАНЫҢ ТАҚЫРЫБЫ (қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде); келесі жолда (қарпі – қалың курсив, оң жаққа туралау) – толық А.Ж.Ә.; келесі жолда (қарпі – курсив, оң жаққа туралау) – ғылыми атағы, ғылыми дәрежесі, қызметі, қызмет орны, қаласы; келесі жолда (қарпі – курсив, оң жаққа туралау) – байланыс E-mail-ы; бір жолдан кейін – мақаланың мәтіні. Әдебиет тізіміндегі сәйкес дереккөзге мәтіндегі сілтемелерді шаршы жақшаға алынған араб цифрларымен рәсімдеген жөн, мәселен, [1, 277-бет]. Әр бетте автоматты сілтемелер қойылмайды.
Баяндама соңында түйін/абстракт жасалады: баяндама қазақ тілінде жазылса – орыс және ағылшын тілдерінде, орыс тілінде жазылса – қазақ және ағылшын тілдерінде, ағылшын немесе араб тілінде жазылса қазақ және орыс тілдерінде болу керек.
Қолжазбаға тегі, аты-жөні, әкесінің аты, ғылыми дәрежесі, атағы, жұмыс орны мен қызметі, қала аты, елі, сондай-ақ, электрондық мекен-жайлары мен байланыс телефондары көрсетілген авторлар туралы мәліметтер қоса тіркеледі.
Ұйымдастыру ұжымы мәлімделген тақырыптар мен рәсімдеуге қойылған талаптарға сай емес баяндамаларды қабылдамауға құқылы.
Мақаланы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті (Алматы қаласы, Қарасай батыр көшесі, 95А) қабылдайды, e-mail: saltanat.dzhakubayeva@kaznu.edu.kz
Жауапты: Деканның ғылыми-инновациялық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD доктор Жакубаева Салтанат Төлеуқызы, тел.: 8 747 708 40 60.