Жаңалықтар

Балаларды қорғаудың құқықтық жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

26.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет және құқық институты Қазақстан Ресупбликасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және Пятигорск мемлекеттік университетімен бірлесе отырып «Балалардың әл-ауқаты ‒ табысты болашақтың сенімді кепілі: балалардың құқықтарын қорғау институттарының тиімді жұмыс істеу мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Бұл халықаралық форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Балалар жылына» арналды. Конференцияның негізгі мақсаты балаларды қорғаудың құқықтық жүйесін қамтамасыз ету, осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіру. Сонымен қатар балалар құқығы мәселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік пікірталас кеңістігін қалыптастыру, заң және басқа да ғылыми бағыттардың, билік органдарының, қоғам мен халықаралық ұйымдардың әртүрлі салаларының өкілдері арасында ашық және жан-жақты диалог орнату.

Конференция аясында балалардың құқықтарын қорғау институттарының тиімді жұмыс істеуінің өзекті мәселелері бойынша жетекші ғалымдар мен сарапшылар, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері, Қазақстан, Беларусь, Ресей және басқа да жақын шет елдердің жоғары оқу орындарынан оқытушылар, студенттер, магистранттар, аспиранттар мен докторанттар сөз сөйледі.

Жиында сөз алған Пятигорск мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу және зияткерлік әлеуетті дамыту жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор З.А.Заврум «Адам құқықтары демократиялық негізі бар мемлекет үшін, әсіресе халықтың ерекше осал топтарының, оның ішінде балалардың құқықтары үшін өте маңызды. Мемлекеттің міндеті балалардың жарқын болашағына сенімді кепілдік қалыптастыру» екенін айтты.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Саин Аружан елімізде ана мен баланы қорғау саласындағы өткізілетін іс-шаралар, іске асырылып жатқан бағдарламалар, құқық шығармашылығы саласындағы мемлекеттік жоспарлар туралы айтып берді.

Пленарлық отырыс Ресей Федерациясының еңбек сіңірген заңгері, Ресейдің білім беру саласының құрметті қызметкері, з.ғ.д., профессор, Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің Заң факультетінің деканы Н.Г. Комкованың Эмбрионның өмір сүру құқығының конституциялық-құқықтық кепілдіктерінің өзекті мәселелерін қарастырған баяндамасымен ашылды. Құқықтық салада эмбриональды даму сәтінен бастап балалық шақ мәселелері аз зерттелген, бірақ өте сұранысқа ие санатқа жататынын айта кету керек.

Кутафин атындағы Мәскеу Мемлекеттік Заң Академиясының профессоры, з.ғ.д., Адам құқықтары жөніндегі ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі И.Г. Дудконың бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметін кәсібилендіру тұрғысынан қамтамасыз ету мәселелерін талдаған баяндамасына қызығушылық жоғары болды. Баяндаманы талқылау барысында баяндамашы мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл арасында ынтымақтастық туралы ауызша уағдаластықтар жасалды.

Беларусь ғалымдары А.Г. Опенок пен Д.В. Гапоненко сот процесі аясында әлеуметтік-қамсыздандыру, оңалту заңнамасын және бала асырап алу институтының мәселелерін жетілдіру сұрақтарын қарастырған қызықты баяндамалар жасады. Кутафин атындағы Мәскеу Мемлекеттік Заң Академиясының профессоры, з.ғ.д. С.В. Наруто өз баяндамасында Ресей Конституциясындағы балалардың құқықтарын конституциялық бекіту нысандарын егжей-тегжейлі талдады.

Балаларды қорғау және оларды құқықтық шешу мәселелерінің көп қырлы бағыттарын ұсынған қазақстандық ғалымдар да өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Профессор О.В. Вербовая отбасы мен кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық-құқықтық қорғаудың құқықтық әлеуетін ашты, з.ғ.к., доцент, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері С. М. Сылкина баланың дұрыс тамақтануға құқықтарының халықаралық-құқықтық стандарттарын іске асырудың тәжірибелік қырларын талдай отырып, антиэйджинг бойынша кешенді ғылыми зерттеу аясында институт зерттеген соңғы мәселелерді қарастырды.

Конференцияны қорытындылай келе, Мемлекет және құқық Институтының директоры, ұйымдастыру комитетінің төрағасы А.А. Салімгерей балалардың жарқын болашағына сенімді кепілдік қалыптастырудың маңыздылығын айта отырып, барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

Конференция материалдары халықаралық-тәжірибелік конференция жинағында жарияланатынына, ал конференция қорытындысы бойынша әзірленген қарарда бекітілген тәжірибелік ұсыныстар ел заңнамасын жетілдіру мақсатында тиісті мемлекеттік органдардың назарына ұсынылатын болады.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі