- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды
10.11.2022Алматыда көрнекті әдебиеттанушы ғалым, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішұлының 95 жылдығына орай, өзі тұрған Шагабутдинов көшесіндегі №171 үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері арнайы келді.
Сондай-ақ ескерткіш тақтаның ашылуына Тұрсынбек Кәкішұлының отбасы мүшелері мен шәкірттері, белгілі ғалымдар, қаламгерлер, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Жиында ҚазҰУ ректоры сөз сөйлеп, ғалымның әдебиеттану саласындағы өлшеусіз еңбектеріне тоқталды. Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектері қазақ ғылымына ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ рухани қазына екенін атап өтті.
«Тұрсынбек Кәкішев кешегі Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің, ағартушы қазақ интеллигенциясының заңды ізбасары болды. Ғалымның ғылыми-педагогикалық еңбек жолы толықтай қара шаңырақ ҚазҰУ-мен байланысты. Филология факультетінде Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасының меңгерушісі, профессор болып абыройлы қызмет атқарды. Қазақ тілі мен әдебиетін терең зерттеп, ұлы Абай мұрасы мен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет мұралары туралы іргелі еңбектер жазды. Мазмұнды монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар шығарды. Университет дамуына елеулі үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, білікті шәкірттер тәрбиеледі. Қайраткер ғалымның ұстаздық ұстанымы, ғылыми еңбек жолы бүгінгі жас оқытушылар мен студенттерге үлгі-өнеге», – деді Жансейіт Түймебаев.
Шарада Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау хатын оқып, ыстық лебізін жеткізді.
Өз кезегінде ақын, Тұрсынбек Кәкішұлының шәкірті Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, ұлағатты ұстазын еске алды. «Тұрсынбек Кәкішұлы – саналы ғұмырын халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнаған көрнекті тұлға, қоғам қайраткері. Ол өзінен кейінгілерге мол әдеби мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – деді Нұрлан Оразалин.
Сонымен қатар ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымның шәкірттері мен замандастары сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі