- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Елдегі ең ірі университеттік кітапхана
11.11.2022Биыл Үкімет қаулысымен еліміздегі мереке күндерінің тізбесі «24 қазан – Кітапханашылар күні» деген тармақпен толықтырылды. Бұл мейрам – әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор, осы бір кәсіпке қатысы бар адамдар үшін ғана емес, жақсы кітапты іздеп жүріп оқитын қарапайым оқырман үшін де айтулы күн.
Университет кітапханасы 1934 жылы оқу орнымен бір уақытта құрылды. 2012 жылы жаңа заманауи ғимаратқа көшіп, 2014 жылы оған Әл-Фараби атындағы кітапхана атауы берілді.
Бүгінгі таңда бұл кітапхана – елдегі ең ірі университеттік кітапхана. Ол университеттің 16 факультетінде оқитын 25 мыңнан астам студент пен магистрантқа, докторантқа және 5000-нан астам оқытушы мен қызметкерге оқу, ғылыми-зерттеу үдерістеріне ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетеді. Басылымдар қоры 2,5 миллионнан астам.
Әлемдегі ең ірі EBSCO, Springer, Elsevier халықаралық баспа үйлерінің толық мәтінді және реферативті дерекқорларына, сондай-ақ «Эпиграф» секілді отандық дерекқорына жазылым қамтамасыз етілген және әлемдегі ең танымал Scopus реферативті дерекқорын қолдануға мүмкіндік жасалған (elibrary.kaznu.kz/#resources).
Ауданы 1850 шаршы метр, 780 орындық классикалық оқу залы университеттің білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін 16 факультетке арналған кітап қорын және заманауи электрондық ресурстарды ұсынады; пайдаланушылардың қажеттіліктерін зерттеп, сапалы және тез ақпараттық қызмет көрсетеді. Классикалық оқу залының қосымша қорында 35 000-нан аса оқулық, ғылыми және көркем әдебиет бар. Кітап қоры ғылым салалары бойынша орналасқан. Қазіргі уақытта күнделікті оқу залына келетін оқырмандар саны 1000-нан асады.
Әл-Фараби атындағы кітапхана жаңа технологияларды белсенді меңгеруде. Кітапханаға RFID технологиясына негізделген автоматтандыру жүйесі енгізілді, нәтижесінде IRBIS 64 автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін (АБИС) және университет қызметкерлері мен студенттердің университеттің бірыңғай сәйкестендіру карталарын (ID-карта) кітапхана карталары ретінде интеграциялау мәселелері іске асырылды.
Сонымен бірге оқу залында RFID технологиялары негізінде жұмыс істейтін және оқырмандарға таңдалған әдебиеттерді дербес тіркеуге және оны үш күнге дейін алып кетуге мүмкіндік беретін өзіндік қызмет көрсету бекеттері орнатылды.
Оқу залында көшірме құрылғылары мен ELARSKAN A2-300 планетарлық сканері бар, оның көмегімен кітапхана пайдаланушылары таңдалған әдебиеттің қажетті беттерін ақысыз сканерлеп, өздерінің электронды поштасына немесе USB флэш-дискісіне жібере алады.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы кітапхана университеттің ақпараттық, білім беру және мәдени орталығы ретінде сапалы білім беруге, жоғары білікті мамандар даярлауға белсенді ықпал етіп келеді. Сапалы ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетіп, кітапханаларды интеллектуалдық дамудың заманауи орталықтарына айналдыруда кітапханашылардың рөлі зор.
Мәдина ОМАРОВА