- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да Тұрсынбек Кәкішұлының 95 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
11.11.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті әдебиеттанушы ғалым, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішұлының 95 жылдығына орай, «Тұрсынбек Кәкішұлы және қазақ әдебиетінің тарихы мен сынын зерттеудің келелі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараның мақсаты – белгілі ғалым, қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Тұрсынбек Кәкішұлының мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең таныту, замандастары мен шәкірттерінің естеліктері арқылы ғалымның азаматтық және қайраткерлік қызметінің қазақ қоғамының әдеби-мәдени даму үдерісіндегі тарихи орнын айқындау, ғалымдық болмысын ашу.
Оқу орнының Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұржан Айдосов жиынды ашып, шараның мәні мен маңызына тоқталды. «Тұрсынбек Кәкішев – қара шаңырақ ҚазҰУ-дың қайраткер түлегі. Журналистика факультетінің 3-курсында оқып жүріп-ақ, республикалық «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істегені көп айтыла бермейді. Ғалымның ғылымдағы ізденісін, азаматтық болмысын танып, зерттеу кейінгі жас ғалымдардың еншісінде. Қазіргі таңда университетімізде ғалымның атындағы дәрісхана заманауи үлгіде жасақталып, онда күнделікті сабақ пен факультет, кафедраның келелі жиындары өтіп тұрады», – деді проректор.
Басқосудың тізгінін ұстаған ақын-драматург, Тұрсынбек Кәкішұлының шәкірті Нұрлан Оразалин қайраткер ғалымның тіл білімі мен әдебиеттану саласына сіңірген еңбегін атап өтті. «Бұл шараларды рухани өмірімізде үлкен орны бар тұлғаның халқына сіңірген еңбегін бағалаудың алғашқы ағысы деп бағалаймыз. Тұрсынбек Кәкішұлы бүкіл саналы өмірін қазақ халқының тұтастығына, қазақтың рухани кеңістігіндегі арғы-бергі дәуірлердің қаз қалпында бұзылмай жетуіне арнаған және сол үшін күрескен тұлға болатын», – деді жазушы.
Сондай-ақ конференцияға алыс-жақын шетелдерден белгілі ғалым-жазушылар қатысып, Тұрсынбек Кәкішевтің ұстаздығы, ғалымдығы мен қайраткерлігі хақында ой толғады.
Профессордың қазақ әдебиеттану ғылымын тың жаңалықтармен байытып, қазақ көркем сынының тарихы мен оның дамуы, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары жөнінде зерттеу жүргізгені атап өтілді. Ғалым Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, сәкентану ғылымының негізін қалады. Жоғары мектепке арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазды.
Конференция жұмысы барысында «Тұрсынбек Кәкішұлының ұлттық әдебиеттануды зерттеу мен зерделеудегі ұстанымдары», «Т.Кәкішұлы зерттеулеріндегі тұлғатану мәселелері» және «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сынын зерттеудің және оқытудың жаңа парадигмалары» бағыттары кеңінен қарастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі