Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің екі студенті халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды.
Қиыр Шығыс кафедрасының 2-курс магистранты Динара Байшығашева Түркияның Ыстамбұл университетінде өткен Орталық Еуразия студенттеріне арналған корейтану бойынша I халықаралық академиялық олимпиаданың жүлделі бірінші орын иегері атанса, «Шығыстану» мамандығының 2-курс студенті Альбина Болат Ташкент қаласында өткен І орталықазиялық мемлекеттер арасында корей тілінде шығарма жазу байқауында III орынды жеңіп алды.
Ыстамбұлда өткен олимпиада Орталық Еуразиядағы корейтану бойынша V халықаралық конференция аясында биыл алғаш рет ұйымдастырылған. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа да жоғары оқу орындарының бірінші турларынан іріктеліп алынған студенттер қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан қатысқан Динара Байшығашева «Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын тойлау: туризм индустриясына – 30 жыл» тақырыбында жобасын қорғап, оған профессор Ли Бёнг Джо жетекшілік етті. «Халықаралық деңгейдегі олимпиадаға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, әрі корейтану саласында өз білімімді жетілдіре түстім», – деген Динара олимпиада ұйымдастырушылары мен қолдау көрсеткен университетке шексіз алғысын білдірді.
Ал Өзбекстандағы King Sejong Institute корей тілі мен мәдениетін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауға Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның 13 университетінен 38 студент бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша алдыңғы екі орынды Өзбекстан студенттері жеңіп алса, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің студенті Альбина Болат III орын жүлдегері атанды. Олимпиада, байқау нәтижелерінде барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі