Құрметті студенттер, білім алушы жастар!
Сіздерді 17 қараша – Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Алматыда жастармен кездесуінде: «Біздің студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз еліміздегі реформаларға қолдау білдіріп, өзгерістерге сенетіні сөзсіз. Біз бұл өзгерістердің бәрін еліміздің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасап отырмыз. Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын тек бірге айқындай аламыз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ алдағы уақытта білім культке айналып, бәсекеге қабілеттілік артатынын жеткізді. Отандық ІТ мамандар үшін 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болатынын, шетелдік жетекші университеттермен ынтымақтастық арта түсетінін алға тартты.
Жатақханалар тапшылығын жою үшін тың тәсілдер әзірленіп, ғылыми зерттеу хабтарының қаржыландырылатынын ортаға салды. Бір сөзбен айтқанда, жарқын болашақ жастардың қолында болу үшін мемлекетіміз барлық мүмкіндікті қарастыратынын баса айтты.
Осы ретте QS әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де өз білімгерлері үшін қолайлы жағдай жасауға күш салады.
Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтар сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді.
Сіздер осы мүмкіндіктерді пайдаланып, оқу орны қабырғасында жан-жақты білім алып, қоғамда үлкен өзгеріс жасайды деп сенім артамыз.
Алған білімдеріңізді ел игілігіне пайдаланып, биік мақсаттарға жетсеңіздер – бұл біздің жеңісіміз, университетіміздің абыройы.
Сіздерге білім шыңын бағындырар асуда қажымас қайрат, талмас қанат, мұқалмас жігер тілеймін!
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ