- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да алғаш рет «Жарықбаев оқулары» өтті
17.11.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессор Құбығұл Жарықбаевтың 95 жылдығына арналған «Психология және педагогика дамуының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара аясында алғаш рет I «Жарықбаев оқулары» ұйымдастырылды.
Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев – Қазақстандағы психологиялық және педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихы, этнопсихология мәселелерін терең зерттеген ұстаз-ғалым, педагогика ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері.
Конференция ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Нұржан Айдосов университет басшысы Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Профессор Құбығұл Бозайұлы – этнопсихология, этнопедагогика және Қазақстандағы психология тарихының негізін қалаушы ғалым. Өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, қазақы дүниетанымдағы психолог мамандарды даярлауға зор үлес қосып, бірнеше оқулық, монографиялар жазды.
Елімізде педагогика мен психология бойынша докторлық диссертация қорғаған санаулы ғалымдардың бірі Құбығұл Жарықбаев университет дамуына елеулі үлес қосты. Пікір алмасу мен ғылыми ізденістің ашық алаңына айналатын бүгінгі конференция студенттер мен ғалымдар үшін пайдалы болады деп сенемін», – деді ректор.
Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Германия, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдердің ғалымдары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Психология ғылымының докторы, профессор Хорлан Тоқтамысқызы Құбығұл Бозайұлы 1000-нан астам ғылыми еңбектің авторы болғанын, артына үлкен ғылыми мұра қалдырғанын атап өтті. «Оның еңбектері – болашақ педагогтер мен психологтердің білімін үнемі жетілдіретін, шексіз алуға болатын ғылыми ойдың қоймасы», – деді спикер.
Психология ғылымының докторы, профессор Татьяна Шульга этнопсихологияның классигі Құбығұл Жарықбаевтың 10 томдығында өте терең әрі қызықты еңбектер топтастырылған. Онда дәстүр, жеке көзқарас және ғылымның болашағы туралы айтылатынын атап өтті.
Конференция барысында қатысушылар Қ.Жарықбаевтың идеялары негізінде қазіргі психологиялық-педагогикалық ғылымның өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен алмасты.
Құбығұл Жарықбаевтың шәкірттері мен әріптестері естеліктерімен бөлісіп, «өнегелі ұстаз-ғалымның бай мұрасы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына арқау бола бастағаны қуантады» деді.
Конференция материалдары алдағы уақытта арнайы жинақта жарық көретін болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі