- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Шерағаң шығармалары шеберліктің үлгісі
18.11.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын лайықты атап өтті. Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жазушының сан қыры жан-жақты сарапталды. Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзінде әдебиетте де, журналистикада да, саясатта да Шерхан Мұртаза өз жолын тапқанын айтты. Университет профессоры Қансейіт Әбдезұлы баяндама жасап, Шерағаңның үзеңгілестері, замандастары, әріптестері және шәкірттері жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымының докторы:
– Шерағаң қазақ әдебиетінің ақтаңгері, соңғы алпыс жыл бойында шығармашылығына шаң тигізбей, тек қана жақсы дүниелер жазды. Мейлі, очерктері, эсселері болсын, әңгіме, повесть, романдары болсын, драмалары болсын, оқырмандар жүрегіне жетіп жатты. «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» атты толғауын елі сілтідей тынып тыңдады. Ал аудармалары ше, шын шеберліктің үлгісі еді. Шыңғыс Айтматовты Шерағаңдай ана тілімізге көркемдік құнарын сақтап, шынайы, төгілте аударған ешкім жоқ.
«Бір кем дүние...» атты толғаулы туындысында Шерағаң былай деп жазды: «Рухтың анасы – ана тіліндегі кітап. Ана тіліндегі кітаптың уызымен ауызданбаған шенеунікте ұлттық рух қайдан болсын!» Екінші сөзі: «Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет», – деп еді. Осы қасіреттен туған ұлтымды қайтсем құтқарып қаламын деген ұлы мақсаттың жетегінде Шерағаң бүкіл ғұмырын қалам еңбегіне, жазушылыққа арнады.
Тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы мақсатынан бір елі шегінген жоқ. Сондықтан да Шерхан Мұртазаның әрбір көркем туындысы қазақтың төрінде мәңгілік тұратынына көзім толық жетеді. ХХ ғасыр деп аталатын қиямет заманның перзенті, ғұмыр бойы тек шындықты ғана жазып өткен Шерхан Мұртазаның бізге аманаттаған мол әдеби мұрасының құны ешқашан төмендемейді.
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Менiң республика парламентiнде соңғы бiр-екi жыл көлемiнде Шерағамызбен қатар отыру бақытына ие болған әріптес iнiсi ретiнде аңғарған, көңiлге түйген жайларым бар. Жоғарғы Кеңестің сессия залында болатын аламан-дода, қызу айтыстардың, әсіресе елдiк ұғымдар тартысқа түсер сәттерінде депутат Мұртазаның ат басын іріккен кезi жоқ. Ойын күлтелемей, тура, ашық айтуы және өзiнiң қасиетті ана тiлiнде айтуы жұрт көңiлiн талай-талай риза қылғаны есiмiзде.
Өйткені бұл сөздердiң қай-қайсысы да депутаттың, әйтеуір, «пәленше үндемей отырыпты» демесiннен құтылғысы келгені немесе «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп қойып кетер тәуекелі емес. Бұл сөздердің астарында әркез мына жерүсті тіршілігiне қатал мiнез, қырағы көзімен қараудан әсте жаңылмайтын суреткер болмысы жатқанын байқаймыз. Осынау ойлы, тамыры тереңге кетер, азаматтық рух пен адамгершiлiк абзал қасиеттерге бай, мына қиын да күрделі заман жайынан, сол заманмен бетпе-бет келіп отырған халық тағдыры, оның бүгіні мен ертеңі жайынан кейде сыр, кейде шер толғайтын, парасатты, шыншыл, тегеуріндi сөздер көбіне өрттей ыстық, жалындай алаулы келеді.
Жасқанбай, ықпай, ел намысын, жер намысын қорғау, сөйте тұра, беталды байбаламға барып, басқаның жүйкесін жемей, оңы-солын тең ұстар саяси биiкке көтерiлiп сөйлеу де Шерағаңның көпқырлы парламенттiк мiнезiнiң бiр арнасы тәрiздi. Бұл қасиеттер, әсіресе, «Жер туралы кодекс», «Азаматтық туралы», «Тәуелсіздік туралы» заңдар және Конституцияның алғашқы жобасы талқылауға түскен кезеңдерде анық аңғарылды.
Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы:
– Шерхан Мұртазаның редакторлығы кезiнде «Егемен Қазақстанда» «Бiр ауыз сөз» деген айдар ашылды. Осы айдар жылдар өте жазушының «Бiр кем дүние» атты кiтабын жазуға себепшi болды. «Бiр ауыз сөз» кезiнде соның хабаршысындай болған екен ғой. Осы айдардың тұсаукесерiнен бастап, өзi бас болып жазды. Журналистермен қатар, авторлар да қатыса бастады. Әдетте көсiлiп жазып үйренiп қалғандардың мақаласының iшiндегi дәнегiн алып, «Бiр ауыз сөзге» айналдырып жiберген кездер де болды. Сөйтiп, бiзге етек-жеңiмiздi жиып, шағын жазудың да үздiк үлгiсiн көрсеттi. Соның әсерi болу керек, кейде көлемдi деген дүниенiң өзi тез оқылатын. Бұл кiсi қанша қатал болса да, жақсы мақала жазған адамға жылы сөзiн аямай, әсiресе қатардағы тiлшiлердi өзiмен тең ұстауға тырысатын. Қысқасы, Шерағаңдай адамдардың сол тұлғалық биiкке көтерiлгенiне осы бiр қарапайым мысалдардың өзi жеткiлiктi дәлел. Сондықтан тұлғаларға қайта оралып, оның беймәлiм қыр-сырын ашып отыру – бiздiң мiндетiмiз. Егер шындықты жазуда, ақиқатты айтуда қызармайтын бiрлi-жарым адам болса, соның бiрi – осы кiсi.
Абдылдажан АКМАТАЛИЕВ, Қырғыз Республикасы ҰҒА-ның Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, ф.ғ.д., академик:
– Жамбыл облысындағы Жуалы төрі – Шерхан Мұртазаның туған топырағы болса, содан қозыкөш жерде ғана Шыңғыс Айтматов айылы тұр. Шыңғыс Айтматовты төл перзентіндей көріп, төбесіне хан көтеретін Қазақияда оның насихаты бәрінен де асып түседі десек, ақиқаттан онша алыс кетпегеніміз. Ел құлағын елең еткізген «Жәмиладан» бастап, айтматовтану толастаған жоқ. Оған деген қазақ оқырманының ықыласы мен сүйіспеншілігі орасан.
Шерхан Мұртазаның парасатты прозашы, сөз сүлейі, уәлі уәжгер (публицист) екені айтылып жүрсе де, аудармашылығы салиқалы әңгіме болған емес. Бұл өнерді де өгейсітпей игеріп әкетті. Мәскеудегі жоғары оқуды бітіріп келген жас маман әуелі өлеңнен бастап, әдебиет әулиеханасының есігін жасқана ашқан жігіт бірте-бірте жанқиярлық күреске араласты.
Ол шығармашылықтың қайнаған қара қазанының құлағын алыптар тобымен бірге ұстасты. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде «Мылтықсыз майдан», «Қара маржан» жазылды, «Қызыл жебе» эпопеясы туды. Қазақ әйелінің биік болмыс-бітімін сомдаған «Ай мен Айша» романы өмір айнасына айналды. Бұл туындылар көркемдік қасиеттері һәм бейнешілдігінен Ш.Мұртазаны өз буыны ғана емес, ұлттық ой-қазына әлемінде алдыңғы қатарға шығарды.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақ әдебиетінде, көркем туындыда Тұрар Рысқұлұлының тұлғасын қаншалықты дәл көрсетсе, сол жанкешті еңбегі Шерxан Мұртазаның даңқын сондай айқын биікке асырды. Қаламгерді қайраткер, жазушыны тұлға деңгейіне жеткізді.
Өзінің балалық шағы туралы «Ай мен Айша» атты ғұмырбаяндық романында Шерағаң зұлмат жылдардың зардабы жөнінде керемет жазды. «Айша шешем кеудесінен сүт шықпай қалғанда талқанды матаға түйіп, оны суға матырып, маған соны сорғызады екен. Сол қорек болыпты», – деген жазушы естелігі қазақ тарихындағы сол бір қасіретті кезеңнің анық бейнесі.
Кеңестік кезеңде осылайша өнімді еңбек еткен Шерхан ағамыз тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстанды» басқарып, ел газетіне айналуына ерен еңбек сіңірді. Ұлттық арна басшылығында болған кезінде де батыл әрекеттерге барды. Өзекті мәселелерді өткір айтып, қазақ халқының айбарлы азаматына айналды. Жоғарғы Кеңестің, Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Ұлттық идеологияның ұраншысы болып, қазақ әдебиеті мен журналистикасының жаңа дәуірде қалыптасуына зор үлес қосты. Бір сөзбен айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «алдаспандай жарқылдаған сайыпқыран шешендердің бірі» болды.
Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қасиеті – ұлтты сүю. Оның өсиеті де ұлттық мұра. Ғұлама ойдың дүлдүлі, көсемсөзгерлігі дүдәмал ой мен жорамал сөздерден емес, азаматтық парыз міндеттен, перзенттік асыл қағидадан өрілген. Қаламгердің шығармашылық мектебі әлдеқашан қалыптасқан. Бұл күнде оның рухани шәкірттері де тұлғаға айналды.
Ол қарамағындағы қызметкерлердің тежелген қаламына жан бітіріп, қадамын ашты. Оның қалың қабағының астында таусылмас ой-пікірлердің қоры ұялағандай еді.
Ол журналистердің еңбектеріне қатты қалам батырмайтын. Себебі әр журналистің тұлға болып қалыптасуына қолдау көрсететін. Әркімнің өз стилімен газет көркем шығатынын дәлелдеп отыратын. Ол «Газет халықтық стилін сақтау керек, газет – халықтыкі. Сөйлемдегі сауатсыз жазылған бір сөз бүкіл шығарманың шырайын бұзады» дейтін.
Ол «Қазақта биік шаңырақты алты қанат киіз үй болады. «Социалистік Қазақстан» биік шаңырақ болса, сіздер соның уық, керегелерісіздер. Міне, сіздердің әрбір қаламдарыңыз, жазған мақалаларыңыз біздің ортақ қара шаңырағымыздың қасиетті тіреуіне айналуы тиіс. Сонда ғана газетіміздің бейнесі сомдала түседі. Әр редактор – дара тұлға. Редакторлардың көзқарастары ұқсас болғанымен, алға қойған міндеттері мен оны шешу әдістері әрқалай. Мақсаттары мен бағыттары да бірыңғай болады», – деп, журналистердің жауапкершілігін арттырып, қанаттандырып отырған.
Бір ғажабы, Шерхан Мұртаза басшылық еткен газет-журналдардың барлығы жаңаша сипат алып, қай түрі болсын гүлденіп, жаңарып, көркемделіп, азуланып шыға келетін. Сол тұста өрбіген өткір мәселелер газет бетінде айрықша ерекшелікпен шыға бастады.