Жаңалықтар

ҚАЗҰУ СТУДЕНТТЕРІ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

20.11.2022


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері әлемдік спорт додаларында жеңіс тұғырынан көрінді.
Жақында Испанияның Понтеведра қаласында өткен Әлем чемпионатында ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің 3-курс студенті Асыл Айтақын еркін күрестен қола жүлдені жеңіп алды. 

23 жасқа дейінгі балуандар қатысқан жарыста спортшы 61 келіге дейінгі санатта сынға түсті. Өткен жылы спортшы Белград қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, қола медаль иегері атанған болатын.

Осы спорттық бәсекеде спортшы Қазақстан құрамасы қатарында да өнер көрсетіп, Кувейт, Үндістан, Моңғолия, Корея және Бангладештен келген спортшылармен сайысқа түсті. Нәтижесінде ел құрама командасы барлығы 17 ұпайдың 11-ін жинап, күміс медальге қол жеткізді.


 
Ал жуырда ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенті Әбиба Әбужақынова дзюдодан Әбу-Дабидегі Grand Slam сериясындағы турнирде қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, спортшы – Ташкентте өткен 2022 жылғы әлем чемпионатының да қола жүлдегері. Әбиба – дзюдодан Әлем чемпионатының жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызы.
Дарынды спортшы 2021 жылы ел чемпионы атағын иеленді. Әбиба – Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі, сонымен қатар Еуропа кубогының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Азия кубогының иегері.

 
Бұған дейін ҚазҰУ студенттері Елдос Сметов, Игорь Сон, Нұрислам Санаев және Нұрдәулет Жұмағали Олимпиада чемпионы атанған болатын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі