Жаңалықтар

Жапониядағы ҚазҰУ студенттері дауыс берді

20.11.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің студенттері Жапонияда Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауында дауыс берді.

Олар қазіргі таңда академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияның Токио шет тілдер университеті, София университеті, Бунке Гакуин (Bunkyo Gakuin University) университеттерінде білімін жалғастыруда.

Биыл алғаш рет сайлауға қатысқан 18 жастағы 2-курс студенттері Гүлдана Әлімқызы мен Назерке Төлеубай «сайлауға қатысу – азаматтық борышымыз» деп есептейді.

– Сайлау – әр мемлекетте болатын аса маңызды оқиғалардың бірі. Ал сайлауға қатысу – әр азаматтың борышы. Бүгінгі өткен сайлау менің өмірімдегі ең алғашқы президенттік сайлау болды. Қазақстан азаматы ретінде шетелде болсам да, елімнің ертеңін ойлап, сайлауға өз үлесімді қостым. Қазақстанның Жапониядағы елшілігі өзінің қонақжайлылығымен жақсы әсер қалдырды. Жапонияда сапалы білім алып, елімнің өркендеуіне күш саламын, – деді Гүлдана өз пікірінде.

Токио қаласында орналасқан ҚР елшілігіндегі сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасаған жастар «ел болашағына бейжай қарай алмаймыз» деген пікірде.

– Бүгін Қазақстанның Жапониядағы елшілігіндегі №261 сайлау учаскесінде дауыс бердім. Қазіргі жастарды, яғни бізді халқымыздың болашағы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан ел тізгінін ұстайтын адамды таңдау үшін дауыс бердім, – деді "Шығыстану" мамандығының 3-курс студенті Әуелбек Сырым.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі